Көңілден кетер дейді көз көрмесе

Көңілден кетер дейді көз көрмесе,
Келіспеймін осы бір сөзге ендеше,
Жаттап қалған жанарым жазықты ма,
Саған деген сезімім өзгермесе?!

Суынасың деуші еді жырақтасаң,
Сөнер бірде сезімім, бірақ қашан?
Менің жалын жүрегім айыпты ма,
Сенен өзге ешкімді ұнатпасам?!

Сендік емес дейді жұрт, мүлде өзгелік,
Құп емес-ау құбылу, күнде өзгеріп…
Қайтесіңдер, мен есер көбелекпін,
Есін алған жауқазын гүл кез келіп…

Жеңермін жүрегімді жиі алдасам,
Жайыма қалдырады қиял қашан?
Кінәлі сені аңсаған миым болар,
Өктемдік қып өзгені сүйе алмасам…

Тойдым, құлақ аспаймын халыққа аса,
Ерікті мені ессіз деп анықтаса,
Шатқаяқ шабытымды жазғырармын
Саған өлең арнаудан жалықпаса…

Сағымдардан сан алуан құрап елес,
Сезімнен жалықтырмас бұл әлем еш,
Білемін мендік менмен махаббатқа,
Ешкім де, ештеңе де кінәлі емес…

Мейлі, гүлім қарасын халық сынай,
Сен-дағы елемеген таныт сыңай…
Мінекей, тап осылай!

4 пікір

avatar
  • Jako
  • 0
Жақсы өлең, тамаша!
avatar
мына өлеңге себепкер болған қыз неткен бақытты еді… ээхххххх)))
avatar
  • Jurman
  • 0
Жақсы өлең! бәрекелді бауырым!
Керемет өлең екен… Сезім пернелеріне сырлы әуен салдыратын әсері бар))
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.