Мүмкін емес...

Мүмкін емес
Шіркін өмір сүре алсам ғой жүрексіз,
Арпалыспай, ешбір мұңсыз, күрессіз.
Жүрексіз-ақ сүре алсам ғой өмірді,
Күрсінбес ем, жүрер едім көңілді.

Егер жүрек болмаса ғой кеудемде,
Толғанбас ем таң бозарған кездерде.
Мүмкін болса жүрексіз өмір сүргенім,
Уайымсыз, ойсыз, өмір жолын білгенім.

Не тартса да жүрексіз жан сезе ме?
Өткеніне өкініп, оралғысы келе ме?
Жоқ, сезбейді, жүрегі жоқ себебі,
Бұл жүректің маған да жоқ керегі.

Титтей жүрек әмір еткен ағзаға,
Мазасыздық әкеледі қаншама?!
Жүрексіз-ақ өмір сүрсем егер мен,
Асқар таудың шөл болғанын сезер ме ем?

Шіркін, өмір сүре алсам ғой жүрексіз,
Армансыз-ақ, қиялсыз-ақ, тілексіз.
Қиялымның қанаттарын сындырмай,
Арманымды аяқ асты қылдырмай.

Кеудемде егер мына жүрек болмаса,
Сағынбаса, сыздамаса, тоңбаса.
Мен бақытты жан болар ем жалғанда,
Жүрегімде үміт, сәуле орнаса.

Жүрексіз-ақ өмір сүргім келеді,
Жүрекке әмір жүрмейді ғой себебі.
Бар қиянат ауыртады жүректі,
Мына өмір жүрегімді кір етті…

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.