Жұбанов көшесінде

Еледі ерек тұлға еледі уақыт,
Тік жүру- тірі жүру деме бақыт.
Жолықтым бір бұрылыста бір сіңліммен
Жұбанов көшесінде келе жатып.

Санамда сиқырлы сөз ырғақтары,
Толқыған теңіз халық тыңдап тағы.
Деп едім Жұбановты білесіз бе?
Сасып қап күмілжіді,үн қатпады.

Шынайы өлең –сөзде шыңдай халық
Тағдырың тасқа тиген мұңға айналып.
Айтқаны «не знаю, не знаю»
Қалдым мен қас-қағымда тіл байланып.

Көңілім алай-дүлей бүгін менің.
Жұлқынып жалпы жұртқа жүгірмедім.
Өңімдегі тірліктен өзім шошып,
Ішімнен өкпеледім, күбірледім.

Санына санамаймын жас баланың,
Өр кеудең жасыл жапырақ, тасқан ағын
Біртуар Жұбановты білмегенің
Беттерін тарих –кітап ашпағаның.

Әркім-ақ әлдилеген өз алыбын,
Қашыққа қаққан қанат қазақ үнін.
Біртуар Жұбановты білмегенің,
Құдыққа құлатқаның сөз қадірін.

Жатқанда егемен боп ғажап гүлдеп,
Налыдым сіңліге наз артқым кеп.
Біртуар Жұбановты білмеген соң,
Сіңлім-ау қайқаңдама қазақпын деп!

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.