Бір жігіттің дәптерінен... 4

Тербетуде түн айды,
Тыныштықты тілеп алып
Көктен жұлдыз құлайды.

Зымырауда тақсыр ғалам,
Әлем неткен кең деймін.
Байқаусызда бақ сыйлаған
Бақытыма сенбеймін.

Мұнан артық арман қандай
«Болсын менде мінсіз қыз».
Тыныштыққа арбалғандай
Екеуіміз де үнсізбіз.

Тағдыр бізді қосты неге,
Не сиқырмен шақырдың?
Басты қойып қос тізеге,
Мен шалқамнан жатырмын.

Жанға жайлы көктем лебі,
Жан тербейді жарықтық.
Жолықпап ек көптен бері,
Жатырқап-ақ қалыптық…

Ол да біздей толқыды ма,
Тербеп сезім шарабы,
Көшкен бұлттар толқынында
Ай қалыптап барады.

Көрінгенмен тым қаталдай
Отырмын ғой қимай шын.
Сен де маған тіл қата алмай,
Шашымды үнсіз сипайсың.

Бұл не өзі? Сиқырлық па?
Әлде сезім тым ыстық?
Ұзақ уақыт отырдық та,
Сосын үнсіз ұғыстық.

Кейде көнбей күш қарына
Тауысасың төзімді.
Құшып тұрып құшағыма
Құлай кеттің өзің де.

Құлақ тас боп кереңдейін,
Ұмытып ек қайтуды.
«Абайлаңдар» дегендейін
Дір-дір етіп ай тұрды.

Шырын ерін, шекер қыз-ау,
Сендік неткен дем ыстық.
Шын сағынған екенбіз-ау,
Өліп-өшіп өбістік.

Ұйықтамаған тек біз едік,
Келе жатты таң атып.
Ауыл жаққа бет түзедік,
Жұлдыздарды таратып.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.