Бір жігіттің дәптерінен... 6

Кешір мені, айқабақтым,
Жасадым деп жыр қамын, (өлеңнің осы жолы түсініксіз жазылған)
Шалқып жүріп байқамаппын
Жанарыңда мұң барын,

Бүгін көрдім көздеріңнен,
Қарашығың тым сынық.
Санаспаппын сезіміңмен
Өксіп жатқан тұншығып.

Мына заман ызғарына
Қалай тұсау салмақпын?
Гүлге құштар қыз жаныңа
Гүл де сыйлай алмаппын.

Көзсіз жүріп көп құладым,
Байқамасын ел қалай?
Есігіңді соққыладым
Ессіз жүріп мен талай.

Есер ойлар жебегесін,
Жатсын қалай жындылық?
Көңіліңнің терезесін
Кеттім талай сындырып…
Сеземін ғой, сеземін мен,
Өсек ерді, айнам, мың.
Соның бәрін төзе білген,
Төзіміңнен айналдым.

Бұл «бір жігіттің дәптерінен» алынған соңғы өлең.
Ол жігіт туралы сұрағандар көп еді. Ол туралы сұрастырып білгенім аз-ақ. Аты Асқат. Алматы облысы, Райымбек ауданы, Кеген ауылының тумасы. Шамамен 1977 жылдары туылған. Бұл өлеңдерді студент болып жүргендегі сүйгеніне арнаған, бірақ ол қыз, Асқат әскерге кеткенде, басқа біреуге тұрмысқа шығып кетеді. Ал ол жігіт қазір қай жерде екені белгісіз. Бары осы :) Осы өлеңдерді оқып, оған пікір қалдырғандарыңызға рахмет.

4 пікір

AKA
Соның бәрін төзе білген,
Төзіміңнен айналдым.
Эхх, жақсы жазған екен, ағасы!
Jako
Жасадым деп жыр қамын, (өлеңнің осы жолы түсініксіз жазылған)
Ақындардың мінезі қызық қой, поэзия деп жүріп,өзіңді бір сәт көңілімнен таса қылып алыппын деген өкініш шығар.
Jako
Қолда бардың қадірін кеш түсініп, соңынан өкініштің өзенінде тұншығатынымыз ащы да болса шындық,әсіресе жігіттер.
followme_alik
Ұйқасы да мағынасы да көңілімнен шықты. Алла жолын ашсын.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.