Шығыс әдебиеті жауһарлары: Хұсрау Дехлауи

Хұсрау Дехлауи деген кім? Деректерге қарағанда ол 1253 жылы Үндістандағы Патели қаласында өмірге келген екен. Оның отбасы моңғол шапқыншылығы кезінде сол жаққа кетуге мәжбүр болған екен. Хұсраудан көлемді бес дастан бізге мұра болып жеткен. Ал, бүгін осы бір ұлы ақынның махаббат лирикасындағы рубаиларының төрт шумағын аударуды жөн көріп отырмын.

Уа, сүйгенім, ернің менің бар жаныма тыныштық,
Сүйгім келер сол ерніңнен мендік сезім тым ыстық.
Не кедергі болса-дағы сүйе түсем әрдайым,
У болса да, сор болса да мен үшін ол балдайын.

Саған деген сезімімнен қанша азап шексем де,
Разы болар құс көңілім, барлық ойым тек сенде.
Іздей берем, ажалыма сезім мұңы жетсе де,
Көргім келер тек өзіңді көздің нұры кетсе де.

Сен жымисаң күлім көзің жаһанға нұр салады,
Алуан гүлдер ұялғаннан жүзін жауып алады.
Наз ерніңнен жазылса егер, шырын сөздің парағы,
Әлем жайнар, көрген жандар естерінен танады.

Сендік мүсін, сендік ақыл, мен бейбақты таң қылды,
Тулап қаным, ішімдегі сезімімді жандырды.
Азаптарым мен өзіңді жырға қосып жатсам да,
Азаймады. Мұң жүректі одан сайын қан қылды.

2 пікір

erke_ky3
Әдемі сезім, әдемі өлең, әдемі аударма!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.