Шығыс әдебиеті жауһарлары: Мәулана

Поэзия, менімен егіз бе едің?!: Шығыс әдебиеті жауһарлары: МәуланаМәулана Жалаладдин Румий. Әрине, бұл есімді білмейтіндер аз да шығар. Хафиз Ширази, Абдурахман Жамий, Әлішер Науаи, Мырза Беділ сияқты ұлы тұлғалар Мәулананы өздеріне ұстаз деп санаған. Беделі жағынан Фирдаусидің «Шахнамасы», Сағдидің «Гүлістаны», Хафиздің «Диуанымен» қатар тұратын «Мәснәуи һәм Манауи» еңбегі адамзат тірлігінде тек қана Шығыста ғана емес, Батыста да өзінің маңыздылық және көркемділігімен оқырмандардың шын ықыласына бөленген. Бүгін осынау бір ұлы тұлғаның махаббат лирикасынан бірнеше шумақ аударып отырмыз. Қабыл алыңыздар, достар!

Тұтқыныңмын мен өзіңнің, сұлулықтың шынары,
Мен шынымын, сусынымсың, сенсіз болмас тұрағы.
Қанатым жоқ, сен тарапқа ұша алмастан мен зарлы,
Дерттіңмін мен, дауам сенсің, қос жанардың шырағы.

Егер өлсем, жансыз тәнді көмбей алып келіңдер,
Сол сұлуға суып кеткен бар денемді беріңдер.
Ерінімнен құшырлана махаббатпен сүйсін ол,
Таң қалмаңдар, сонда қайта тірілгенім көріңдер!

Саған деген сезімімнен пәк нәрсе жоқ ғаламда,
Көңілдегі дертім жанар. Адал мұң жоқ одан да.
Басқалардың ғашықтығы рахат болса жүрекке
Менің саған ғашықтығым азабыма жаралған.

Күлімдесең тау менен тас жұмақтайын болады,
Сені көрсе мылқаулардың тілінен бал тамады.
Жүрегіңді құлыптап алсаң, тіпті Лұқман Хәкім де,
Аша алмастан диуана боп сан арманда қалады.

Бейнең намаз, оразам ғой көзің менің қимасым
Тірі жаным бал бұлақтай ерініңнің пидасы.
Дерсің бәлки: — Неге сонша мұң сезімің көп сенің?
-Қалқаам, білгін сезімімнің мың жаһанға симасын!

1 пікір

Ais_97
керемет өлең екен, бөліскеніңізге көп-көп рахмет!!!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.