«Сотка» сыйлаған сезім

Сөзбенен сезім сызғандай елесін,
Сен деме маған, «звондай» бересің.
«Смс» жазайын тым құрығанда,
Бөтен көз мені қызғанды – ай демесін.

Құрады бейнең санамда сәнін,
Серт етші, қадам адал басамын.
Періштем менің пенде кейіпті,
Жарайды, кештеу хабарласамын.

Сүйретіп алып сынық таяғын,
Бізді таппаған күдікті аядым.
Қайынсіңілің оқымасын деп,
«Ммстеріңді» тығып қоямын.

Есіңде шығар баққа барған күн,
Мен сол кез сенен мақтау алғанмын.
«Контактіден» таппай бұртиып едің,
Нөміріңді, жаным, жаттап алғанмын.

Ақ орамалға түйдік те арыңды,
Сүйдіргені үшін сүйдік Тәңірді.
Сенімге кейде сызат түсіріп,
Ақтарушы едің «вызовтарымды».

Жалықпаушы едің жидек теруден,
Фотоға түсіп жидектеріңмен.
«Галереяма» қонақ болғанның,
Көзі талатын суреттеріңнен.

Бақытқа апарсын біздерді жалған,
Қуаныш өпсін жүздерді жанған.
«Календарьды» ашып қарай бересің,
Тойға дейінгі күндерді қалған.

Құр қалмайыншы күйбеңмен жүріп,
Өмірлік азық сый бергенде үміт.
«Настройкамды» сүрбойдақ деген,
Өзгертіп берсей үйленген қылып.

Іңгәсін естірт үйіме баланың,
Алланың сен бол сыйы, қарағым.
Куәсі болған сезіміміздің,
«Соткамды» кейде сүйіп аламын!
Авторы: Жасұлан СЕРІК

1 пікір

Jako
Серт етші, қадам адал басамын.
Осы бір жол түсініксіздеу емес па деп қалдым.Қазіргі заманның махаббат элегиясы деп түсіндім, заманына қарай өлеңі шығар.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.