Хат жаздым...

Көрінгеннен — сұрадым көрінбедің,
Эфирлерден — жыладым естімедің.
© Жұматай
Алқара аспанның
Тұңғиық түсімен.
Құмыққан даусымның
Бір дүлей күшімен
Адасып барамын
Еріксіз екпінмен
Шошитын түн кешіп,
Көретін түсінен.

Сыздайды жүрегім
Емі жоқ жарадай.
Жылаймын, күлемін
Есуас баладай.
Қайырылмай кетсеші
Керең боп құлағым.
Сезімге, сөзіңе, өзіңе
Қарамай…

«Әрине, ол оңай»
Дей алмай мұңдана.
Көзімнен жас ақты
Сіңбейтін құмға да.
Аузыңнан сөз шықты
Артпайтын атанға
Жұртынан көңілдің
Көштің сен ырғала.

Жапанда жалғыздай
Қалдым ғой, көрмедің.
Аяулы арманым
Едің ғой сен менің.
Тәніңді пәк деуші ем,
Жаныңды ақ деуші ем…
Көзіндей жүректің
Байланған көрмедім…

Запыран атпаймын
Зарығып, өкініп.
Көрейін көрінбес
Қамалға бекініп.
Басыңда жаулығың
Тақпаған анашым.
Найзамда асабам
Бермеген анашың.

Езілген сезімім
Өлерге шақ қалып
Хәлімді пұшайман
Өлеңге ақтарып…
Жұлдызға, күн, айға
Теңеуші ем, әзизім,
Қаламсыз қалыпсың
Жүректе хатталып,
Қағазсыз қалыпсың
Ойымда жатталып.

Өлеңге отырмын хат жазып…

7 пікір

Jako
Ұнады, бір ерекше стил бар, бірақ мына жердегі
Көрінгеннен — сұрадым көрінбедің,
Эфирлерден — жыладым естімедің.
Жұматай
Алқара аспанның
Тұңғиық түсімен.
Жұматай — деген кісі есімі не үшін тұрғанын түсінбедім, жоқ әлде басқы екі жол эпиграф па?
Соңғы өңделген уақыты:
Bagashar
Көрінгеннен — сұрадым көрінбедің,
Эфирлерден — жыладым естімедің.
Жұматай — бұл эпиграф. Шетіне таман тұру керек еді, оны мұнда қалай істейтінін білмеймін. Өлең «Алқара аспанның
Тұңғиық түсімен...» деп басталады, Жаке.
Jako
Бәсе мен өзім де солай жобалап едім.
Bagashar
Жұматай Жақыпбаев деген қазақтың мөлдір ақыны өткен өмірден. соның өлеңінен үзінді ғой.
Jako
Естімеген екенмін.
VVVWWW
Керемет болды
qyrmyzy
Бұл өлең бұрынғы өлеңнен өзгерек… ©
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.