Өткенді ойлау

Өткенді ойлау

Ақсөңке сүйектер –
Кешегі бабалар.
Түйреген жауларын, бас алған қылышпен.
Біз үшін бал емес, су емес, құдірет,
Тұрпатты әкелер қан жұтып, у ішкен.

Күмбезді кернеген,
Күңіренген дұғамда,
Тәңірден жарылқау бабалар жайында.
Жусанның түбінде тұлпардан түк қалған,
Сыңсыған ән қалған өзеннің бойында.

Шаң жұтқан қыраттар, жаншылған тұяққа
Келмеген ұрпақтар құрбанның белінде.
Мен қалай көрейін, мен қалай сезейін,
Қасірет, қорлық бар ананың көзінде.

Гүл жармай…
Ашылмай қалған көп қауашық,
Бұлақтар көздері аршылмай қор болған.
Жүрекке жаралы тарауих бетіне
Жазылған харіптен жамалып шер қонған.

Туған ел, сен кешкен қасірет ойымда,
Ұмытпан!
Ұрпақтар ешқашан ұмытпас…
Әр жазған сөзіміз,
Әр жүрген жолымыз,
Сен кешкен тауқымет жылдарға құлпытас.

Иесіз тұлпардың дүбірі құлақта,
Зарлаған домбыра…
Күмбірі жырақта.
Көңілді босаған үніне өткеннің
Уілдеп болашақ сен мені жұбатпа.

Даламның кеудесін таптаған табандар,
Жауапқа тартылар бір Хақтың алдында.
Бабалар ойлаған ең ұлы армандар
Қайтадан сөйлейді жаңғырып жадымда.

Жусанды байтақтың исіне шалықтап,
Жүгеннің даусымен сәйгүлік таңдаймын.
Өзеннің бойынан үзілген сол әнді
Үзілген жерінен іліп ап жалғаймын.

Бабамның арманын,
Анамның арманын.
Кірлетпей сақтаймын ақ қайнар тұнықтай.
Ертеңге қараймын бүгінгі биіктен,
Кешегі қасірет жылдарды ұмытпай…

1 пікір

Jako
Иесіз тұлпардың дүбірі құлақта,
Зарлаған домбыра…
Күмбірі жырақта.
Қайран бабаларым-ай...
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.