Жұлдызым бар менің де

Сан мың жұлдыз көк аспанның төрінде,
Байланғандай бәрі бір-бір өмірге.
Әр жұлдызды бір тағдыр деп ойласақ,
Сол аспанда жұлдызым бар менің де.
Жымың емес діріл қағып тұрғандай,
Біз секілді тоңады ғой, тегінде…

Әр жұлдыздың құпиясын сыр көмбе,
Жасыратын секілді ме түн-перде?
Жұлдыз ақса әжем бетін сипайтын,
Бұл өмірден өтіпті деп бір пенде.
Баламын ғой, сенетін ем шынымен,
(Ертекке ұқсас екендігін білсем де)
Қайсысы деп ойлайтынмын жұлдызым,
Таразы ма?
Әлде анау Үркер ме?

Туылдық па жұлдызбенен жаралып?
Жұлдыз ақса кетерміз-ау жоғалып…
Жұлдыздардың мекені тек-қара түн,
Көрінбейді таң атқан соң ағарып.
Мекендеген көк аспанның бір шетін,
Әйтеуір, бір жұлдызымның бары анық…

Сезем оны.
Жұлдызым бар менің де,
Асықпасын…
Тек ертерек сөнуге!

2013, 7 қазан, 07:25.

1 пікір

yesbolat83
Жұлдыз ақса әжем бетін сипайтын,
Бұл өмірден өтіпті деп бір пенде.
Баламын ғой, сенетін ем шынымен,
Бала кезімізде біз де жұлдыз ағып бара жатқанын көрер болсақ «жұлдызым жоғары, жұлдызым жоғары» деуші ек.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.