Күзгі көңіл - күй

Күздің қоңыр салқыны мен ызғары
Тоңазытып соққан желі ызғарлы.
Жаздан қалған жадыраған көңілді
Құлазытты таңғы қырау, мұздары.

Қою бұлты торлап алып қас-қағым,
Жаңбыры да көз жасындай аспанның.
«Бар ма екен — деп қарап тұрам ойланып,-
Күзден артық табиғатта асқан мұң?!»

Өткен шақтың кей тұстарын сағынып,
Бақ ішінде отырмын мен жабығып.
Сыбдырлаған жапырақтың мұңлы әні,
Жүрегімді жұбатардай жалынып.

Жасыл желек қурап жатыр, жер түлеп,
Жылы жаққа құстар ұшты тентіреп.
Арманымды ала ұшқан құстарға,
Отыр екем сәтті сапар мен тілеп.

Күн сәулесі әлсіз түсіп жүзіме,
Жетпегендей жол ортадан үзіле.
Өтіп жатыр күзгі бақпен сырласып,
Біраз жайттар ой електен сүзіле.

Өткен күзбен осы күздің арасы,
Қас-қағымда көрген түстей қарашы.
Сынаптайын сырғып өткен уақытқа,
Бағынышты екен адам баласы…

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.