БАҚЫТ ГҮЛІ

Микро-поэма.
БІРІНШІ БӨЛІМ

Өзгелерден алшақтама тым дара,
Бойыңдағы барды ешкімге бұлдама.
Тәкаппарлық ешқашан да пендені,
Шығармайды, ұшпаққа да, шыңға да.

… Ертеректе,
Әдепті, әрі қылықты,
Гауһар атты сұлу өмір сүріпті.
Қараған жан тоя алмайтын көркіне,
Күндей нұрлы, ажарлы боп туыпты.

Өрген бұрым ойнақтайтын арқада,
Ақылды еді шашы ұзын болса да.
Айна алдында таранатын күн сайын,
Өз көркіне өзі кейде тамсана.

Толықсыған толған айдай әдемі,
Қатарынан озық туған жан еді.
Кемшіліксіз пенде жоқ қой.
Ол қыздың,
Тәкаппарлау мінезі де бар еді…
Кім сүймейді, кім ұнатпас сұлуды,
Талай жігіт болды одан дәмелі.

Гауһар қыздың талғамы да биік тым,
Ол да құлы жұрт іздеген үміттің.
«Ерекшемін, сондықтан да өзіме,
Жар болады тек сұлтаны жігіттің»!

Ерке қыз ғой, мінезі бар тік, қатты,
Ата-анасы бұл шешімін құптапты.
«Жар таңдаудан адаспаған дұрыс» деп,
Қайтармапты, қыз меселін жықпапты.

Секілденіп түнде көрген түс тәтті,
Әттең, жастық өтетінін ұқпапты,
Сөз салуға келгендердің бәрі де,
Сұлу қыздың көңілінен шықпапты.

Жақсылықты күтуменен тек алдан,
Күн зырлады тәтті үмітке оранған.
Талай жігіт білдірсе де көңілін,
Табылмады Гауһарға тең келер жан…

* * *
Сол өлкеде қайғысы жоқ, мұңы жоқ,
Байлықтан да асып-тасқан түгі жоқ.
Қайсар атты жігіт ғұмыр кешіпті,
Кедейліктен басқа ешбір міні жоқ.

Жан емес-ті жүрегі мұз құрсанған,
Таза еді, көкірегін күн шалған.
Бетегеден биігірек болса да,
Аласа боп жүретұғын жусаннан.

Қанағат қып әрбір өткен күндерге,
Үйленетін жасқа жетті бір демде.
Гауһар қыздың даңқын ол да естіді,
Өзіне сай жарын іздеп жүргенде.

«Мынауың бір хабар екен жағымды,
Неге сынап, байқамасқа бағымды?
Кім біледі, болып кетер жолым да,
Сындырмайтын шығар, бәлкім сағымды?

Сөз салмайды, құда түспес қызға кім?
Ебін тапсам жібітермін қыз жанын».
Деп ойлады тәуекелге бел буып,
«Солай бастап тұрған шығар тұз-дәмім».

Тап-таза боп, мұнтаздай боп киіне,
Жылдам жетті Гауһар қыздың үйіне.
Жолы болып, бағы жанып кетсе ғой,
Шүкір айтар жаратқанның күніне…

* * *
Кім санапты бұл өмірдің жолағын?..
Арманыңмен үндеспейді қадамың.
Мына жалған ажарсыз боп кетеді,
Тасқа барып соғылғанда талабың.

Бұл «емтихан» созылмады ұзаққа,
Дайын болмай шықты жігіт сынаққа.
Тағдырдың да алдайтынын білетін,
Сол себепті, өкінген жоқ бірақ та.

«Неге өкінем? Емес қой ол сүйіктім,
Тең-теңімен, осыны кеш ұғыппын.
Табылар-ау, маған да бір шүйкебас,
Сұлтаны боп тумасам да жігіттің»

«Мейлі, ол да жолықтырсын алтынды,
Нар жігітті, бір сырлы да, сан қырлы.
Оған бола мүжілетін мен емес,
Басқа жақтан іздейін де жартымды»

Үмітіңді айналдырса талқанға,
Ол ортаға өз-өзіңді қаңтарма!
Келген ізбен қайтты артқа, үйіне,
Іштей бақыт тіледі де Гауһарға.

ЕКІНШІ БӨЛІМ

Аттырды да талай-талай таңдарды,
Жылдар өтті жетектеумен айларды.
Бүлдіршіндер бозбала боп есейіп,
Бозбалалар нар жігітке айналды.

Кім тоқтатсын уақыттың көк дөненін?
Талайлардың тасытты ғой кемелін.
Талай нәрсе айналды да тарихқа,
Уақыт шіркін жасады өз дегенін.

Ел ағасы, жігіт болып мақтаулы,
Қайсардың да абырой артқан-ды.
Салиқалы әке болып ұлдарға,
Өз жартысын әлдеқашан тапқан-ды.

Ел қатарлы күнін көріп, нан тауып,
Оны алға жетеледі қанша үміт.
Жаратқанға шүкіршілік ететін,
Әрбір таңды қуанышпен қарсы алып.

Тасса-дағы бақыт шіркін шалқарлы,
Жүрек әр кез әлденені аңсаулы.
Өткен шағың тұрмайды ғой сағынтпай,
Еске алатын баяғы қыз Гауһарды.

«Не болды екен, жетті ме екен арманға?
Жеткен болса жүр екен ол қай маңда?
Талабы да жоғары еді тым биік,
Сай келер жан тапты ма екен талғамға?»

«Білер ме едім, қандай екен жары оның?
Жоғалтпаған шығар, гүлдей әр-өңін?»…
Білгісі кеп Гауһар қыздың дерегін,
Шырмалатын сауалдарға сан-өрім.

Құмарлықтың болады ғой мың түрі,
Арбады да сол сұрақтың сиқыры.
Еш пендеге білдірместен өз жөнін,
Гауһарды іздеп жолға шықты бір күні.

* * *
Көрместен-ақ артық әуре-сарсаңды,
Оңай тапты өзі іздеген Гауһарды.
Обалы не, бір кездегі ару қыз,
Құрметпенен күтіп алды Қайсарды.

Сол Гауһар ғой…
Салып еді назарын,
Уақыт ұрлап алған екен ажарын.
Жастығымен қоштасыпты баяғы,
Қыркүйекке алмастырып жаз әнін.

Жанұясы, перзенттері бар екен,
Бүкіл аймақ қадір тұтқан АНА екен.
Бәрі, бәрі ойдағыдай болғанмен,
Күйеу бала…
Жетпістегі шал екен…

«Мүмкін емес!
Қайда мұның талғамы?
Шатастырып кетті ме әлде арманы?
Жігіттің шын төресі ме деп едім,
Гауһар қыз-ау, сонда қалай болғаны?»

Ойы сан боп ақылына сыймады,
«Шатасқан ба, әдепті қыз ибалы?»
Не болса да, жетпістегі күйеуге,
Гауһар қызды обалсынды… қимады…

Алмаса егер арманына кезіге,
Бұл да қатал тағдырдың бір тезі ме?
Жауап іздеп ойдағы сан сауалға,
Сұрақ қойды Гауһар қыздың өзіне…

Жан жарыңды мейлі, ұнат, ұнатпа,
Тағдыр солай болып жатса кінә артпа!
Қыз Қайсарды баққа ертіп апарды,
Бірден жауап бере қоймай сұраққа.

Келді міне, гүл жайнаған баққа да,
Бақ жайнап тұр сан бояумен аптала.
Гауһар айтты,
– Қазір бәрін білерсің,
Айтқанымды орындашы, тек қана.

Бұл тапсырма болса-дағы жат, ерсі,
Қиынсынба, бір қолқамды көтерші.
Қазір бар да, мына бақтың ішінен,
Ең әдемі гүлді таңдап әкелші.

Арзымаса егер де гүл жұлуға,
Алға жылжы, бірақ, артқа бұрылма.
Артқа қайтпа, қашан гүлді үзгенше,
Ал, бара бер, айтқанымды ұғын да!

Қыздың шарты санасында жатталып,
Қайсар кетті, гүлді алапты бетке алып.
Кенет… бір гүл ұнады да көңліне,
Үзіп алмақ болды соны оқталып.

Шынында да тым әдемі гүл екен,
Көздің жауын алатұғын нұр екен.
Бірақ, бірақ…
Екі қадам арыда,
Тағы да бір әдемі гүл тұр екен.

Қайтерсің-ау, бұл сұлулық шіркінді?!
Қайсар дереу соған қарай ұмтылды.
Үзбек еді… тағы біраз әріде,
Мынадан да әдемірек гүл тұрды…

Кете берді, әрі қарай жылжыды,
Гүл бақшаның тереңіне сүңгіді.
Шынында да, көзді тартар бұл бақтың,
Әдемі екен бір гүлінен бір гүлі!

Әсем гүлмен бау бақшаны түрленткен,
«Расында да, мұнда екен шын көктем»!
Қайсар жігіт шынымен-ақ дал болды,
Қайсы гүлді жұларын да білместен…

Әдемілік тартады екен несімен?
Кете берді сол қызыққан бетімен.
Ақыр соңы, біреуін де үзбестен,
Бір-ақ шықты бақтың арғы шетінен!

Бітті бәрі…
Артқа қайта алмайды,
Гауһар жаңа түсіндірген мән-жайды.
Ажар-өңсіз бір гүл ғана қалыпты,
Түр-сипаты тікенектен аумайды.
Амалы жоқ, соны үзеді, себебі,
Гауһар қызға гүл апармай болмайды.

Бөгелді де таппағандай керегін,
«Қайтем, енді, соны апарып беремін».
Сөйтті-дағы, кері қарай бет алды,
Кім біледі, Гауһар қыздың не дерін?..

Тікен гүлді ұстады да қолымен,
Гауһар айтты,
– Жәйім мынау, сонымен.
Ұғынарсың, мына мен де бір кезде,
Гүл іздеген сен сияқты болып ем.

Мағынасын отырсың-ау біліп те,
Таңдау түспей небір сұлтан жігітке.
Тәкаппар боп жүрген едім, паңданып,
Бой алдырып алдамшы бір үмітке.

Тәкаппарлық адастырар адамды,
Ақырында соңғы үмітім жоғалды.
Жылдар өтіп, артта қалып жас шағым,
Жігіттер де сөз салуды доғарды.

Әр нәрсе өз уақытымен бағалы,
Мезгіл өтсе қажетсіз боп қалады.
Әр нәрсенің обалы бар секілді,
Бар нәрсенің алдан шығар сауабы.

Мәңгі емес қой, мезгіл жетсе бітер жыр,
Жазылмайтын жарам осы – бітеу бұл.
Менсінбеп ем небір әсем гүлдерді,
Тағдырым боп қалды міне, тікен гүл…

* * *
Түсе көрме, соқпақсызға, жолсызға,
Алданбайық тағдыр деген арсызға.
Келер күннің не сыйларын кім білер?
Адаспайық, өмір қысқа онсыз да!!!

Мықтыбек ОРАЗТАЙҰЛЫ

8 пікір

Jako
Тамаша, хикая ұнады,ғибратты,қыздарымыз оқысын да көңіліне тоқысын деп тілейік.
semser_soz
Иәәәәәәәәәәәәәәәәәәәә, керемет бір хикая екен. Шынымен-ақ ойландырады… Бірақ, тағдырдың жазғаны бәрі бір болады ғой. Апам айтқандай «Еееееееееее, өмір өз дегенін алады» екен. Әсіресе, мына жолдар ұнады:
Кім санапты өмірдің бұл жолағын?..
Әрқашанда күліп атпас жаңа күн.
Мына жалған ажарсыз боп кетеді,
Тасқа барып соғылғанда талабың.
zhangul
керемет, катты унады
Delfina
30 дан кейінге қалса кім кімге де қиындау болады негізі))
yesbolat83
Расымен бұл ғибрат аларлық тамаша жазба екен.
zhadyra155
Тәрбиелік мәні бар жазба, тамаша, өте әсерлі, сөз жоқ
gulim-roza
Оте жаксы жазылган, маган катты-катты унады, адамдарга ой саларлык маны бар, бул кымнын шыгармасы екенын былуге болама?
muktybek
Менікі ғой. Бірақ, қысқа ғана әңгіме түрінде оқығанмын, қай жерден оқығаным есімде жоқ. Сосын өлең түрінде жаздым. Оқиғалары сәл өзгертілген, адам аттары ойдан шығарылған
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.