ЖАСТЫҚ ШАҚ

Күн өтер алмастырып барды жоққа,
Уақыт зулар шабысты арғымақша.
Өмір жалған, расында,
Ал, әйтпесе,
Жастық шағым, қап кеттің қайсы жақта?

Сәт сайын алыстайсың менен қашып,
Сенсіз де келем талай заманды асып.
Таппаймын-ау, әйтпесе өзіңменен,
Хәл сұрасқым келеді амандасып…

Ерке тағдыр, бәріне ортақ ол да,
(Ерке ғой, еркелікке қолқа бар ма?).
Орта жолдан қосылып тағдырларға,
Қайта тастап кетеді орта жолға.

Өмір-ағыс, рұқсат жоқ кері ағысқа,
Сол ағыс әкетеді сені алысқа.
Қас-қағым сәт сенімен бірге болар,
Жастық шақтың мерзімі неге қысқа?

Иә, арттасың, жеткізбес сен алыссың,
Сол шақтар-ай, көздерден жанар ұшқын!
Адамға бір-ақ рет берілетін,
Жастық шақ-жалғасысың балалықтың

Жастығым! Сенсің кәусар бұлағым да,
Сенсің шағым бақытты, жұмағым да.
Алыстап-ақ кеттің ғой, сондықтан да,
Жасайсың сен тек қана қиялымда!

Жастық шақ көңілімнен мәңгі ұшқан ба?
Мезгілсің тұрақтамас барлық жанға.
Енді маған ешқашан таптырмайсың,
Іздемей-ақ қояйын сондықтан да!

2013

3 пікір

yesbolat83
Оралмас өткен күндерімнің ішіндегі жастық, әсіресе, балалық шақтарымды жиі-жиі асқан сағынышпен мен де еске алып тұрам. Қайтадан барғым келеді, ойын баласы боп ойнағым келеді, еркелегім келеді, бала боп болмашы нәрсеге жылағым да келеді… Жалаң аяқ қыр асып жүгіргім де келеді…

Қайран сол күндер…
nurbanu_KAMAL
Сезімге, сағынышқа толы…
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.