Кінәсіз еді періште....

Поэзия, менімен егіз бе едің?! /
Кінәсіз еді періште…

Сөнбейтұғын бір үміттің ізімен,
Терезеде сәбилер тұр тізілген…
Жетімдер үйі…
Армандарын аңсаумен,
Жанарлардан ащы жастар үзілген.
Періштелер мейірімді сезбеген,
Сезбек түгіл өз анасын көрмеген.
Балалықтан жасап алған ақ үміт,
Жасырылған жүректерде сөнбеген.
Қош айтысып балалықпен ертерек,
Сенер еді анам бір күн келер деп.
Әр адамға дайындалған бақытты,
Кезі келіп өмір маған берер деп.
Кінәсіз ғана періште еді, жылады,
Бүгін де оның сағы сынды,құлады.
Арманынан жасап алған кемесін,
Шөктірмеуін Жаратқаннан сұрады.
Күні бойы терезеден телмірген,
Анасы оның бүгін де іздеп келмеді.
Буыны әлі қатаймаған жас сәби,
Анасының етегінен ермеді.
Кеш қарайды, бүгін де өтті үмітпен,
Бірақ күдер үзілмейді үміттен.
Жаратылыс болғанменен әр қалай,
Жаратқанның алдында бірақ адам тең.
Ойға алып осылардың барлығын,
Біліп еді бұл ғаламның тарлығын.
Анасымен іштей үнсіз тілдесіп,
Жатыр еді жасқа малып жастығын.
«Неге айтшы қараңғыда қалдырып,
Сәбиіңді аямадың анашым?
Ойланамын анам менің қандай деп,
Көрген кезде басқалардың анасын.
Қайда жүрсің ойланбастан мен жайлы,
Жүрегімнің ұғына алмай наласын.
Жұмақ кілті- табанында ананың,
Ал сен болсаң қайда кетіп барасың?
Болғандықтан жетімдер үйі мекенім,
Ұғынбас пенде жүрегімнің жарасын.
Шаршадым ғой бейнеңді, ана, таба алмай,
Іздеп жүріп адамдардың арасын.
Неге мені, неге мені тастадың,
Менсіз, ана,қалай өмір бастадың?
Досым да жоқ, кеудемнен бәрі итерер,
Адамдардың қарауынан жасқандым.
Кетер болсаң азаптан кісен тағып,
Бұл дүниеге әкелдің неге мені?
Білмесемде бейнеңді, иісіңді де,
Зарығып іздеуменен жүрмін сені.
Жабыққан жүрегімнің мұң-жарасы,
Ойыңа елес болып бармап па еді?
Соңғы рет құшағыңа алғаныңда,
Иісім менің кеудеңде қалмап па еді?
Шын бақытты аңсаған сәтіңде бір,
Мен өзіңе кедергі болдым ба екен?
Гүл секілді сұлуланып ашылғанда,
Мені деп бәлкім тағы солдың ба екен?
Жанарыңнан тамбасын мөлдір тамшы,
Мейлі ана бақытты бол, күлімдеші.
Жылына бір рет болсын есіңе алып,
Мені ана балапаным, күнім деші»
Деді-дағы жас сәби жылай-жылай,
Таң атқанын байқамай қалып еді.
Тағы да бой алдырып бір үмітке,
Терезеге жәутеңдеп барып еді…
Ұйқысы оның әлі келер емес,
Түні бойы бір кірпік ілмегенмен.
Оты жоқ өз үмітін серік етер,
Өзін-өзі алдайтынын білгенменен…

2 пікір

aika-94
Маған қатты ұнады. Әри қарай талаптанып өрлей түсініз.
Соңғы өңделген уақыты:
Nurik_SHYM
Балаларын тастап кеткенше, өлгені жақсы емес па. Көп адамға ой салатындай маңызы бар екен. Керемет!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.