Вальс падишасы

Поэзия, менімен егіз бе едің?! /
Әсем әнмен өрнектеген бар сырын,
Ақкөңіл де адал ұлы халқының.
Сонау көкке желбіреткен ән туын,
Ешқашан да аты өшпейді Шәмшінің!

Ұлы сазгер.
Падишасы вальстің,
Сенің мұңың мына маған таныс мұң.
Бір өзің-ақ жеке әлем-ғарышсың!
Ешқашан да тоқтамайтын ағыссың!

Сен "Қайдасың"?
Мың жылда бір туарым!
Өзіңді іздеп елеңдейді «Шынарың»…
Кеттің бе әлде "Құшағында бақыттың"?
Тумай жатыр неге жаңа жыр-әнің?
(Таусылмайтын сияқты ғой сұрағым).

Сені іздейді «Тамды аруы» сағынып,
«Теріскейдің» шыңдары тұр қамығып.
Құлазып тұр «Жағасы да Арыстың»,
«Мойынқұмның жайлауы» тұр жабығып…

Ән-теңізсің!
Теңдесетін теңіз жоқ!
Туған жансың әуенменен егіз боп!
Әнді ұнатар ҚАЗАҚ болып туған соң,
Сағынамын,
Сарыламын сені іздеп…

Асыл аға.
Падишасы вальстің,
Жөргегіңде-ақ талантыңмен табыстың.
Сен-ҚАЗАҚсың!
Қуанамын осыған,
Бағымызға туған дара алыпсың!

Бар өмірін өрнектеген ән қылып,
Сен-Жұлдызсың!
Сөнбейтұғын мәңгілік!
Жұлдыздардың жарқырауы заңдылық!

1 пікір

Ai_fariza
Мыктыбек атына затыныз сай олениз керемет. Каламыныз токтамасын.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.