Жоқ дедің

Поэзия, менімен егіз бе едің?! /
Көктемгі гүлдей боп ашылдың,
Әдемі сенімен айнала.
Мен болсам сезімді жасырдым,
Екеуміз дос болдық жай ғана.

Демеймін сол гүлім солды деп,
Көңілді бір күдік баса алды.
Мен саған сөз айттым соңғы рет,
Бұл жүрек шыдайды қашанғы?

Сөз айттым сол көктем кешінде,
Магниттей тартқан соң от демің.
«Ойланам» дегенің есімде,
Ойланып болған соң «жоқ» дедің!

От болды, өрт болды бұл жүрек.
Мейлі ұқ, жағдайды ұқпашы.
Сол соңғы сөзге де тұрды тек,
Куә боп телефон тұтқасы.

Қасымнан қалған соң сен кетіп,
Көңілсіз тағы бір кеш кірді.
Жай ғана жүректі тербетіп,
Мұңлы бір музыка естілді.

Езіп те кеттің ғой еңсені,
Қорқытып қалың ой орманы.
Ендігі қалған іс мен сені,
Ұмыта алсам тек болғаны.

Тым қатал тағдырдың жарлығы,
Әдемі өзіңдей — Ай нұры.
Әдемі басталып барлығы,
Осылай біткені қайғылы.

2 пікір

Kan
Жақсы жазылған екен. Шынайы сезімнің айнасындай тұп-түнық болып сезілді маған бұл өлең. Ақын жазбасада ах ұрып жазғаны көрініп тұр.
maulen
Бір «жоқ»-тың артында сан мыңдаған «ия» — лар тұрғанын ұмытпа?! Бірақ, естен кетпейтини сол бір «жоқ»- қой…
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.