ШАМШЫРАҒЫҢДЫ САЙЛАП АЛ

Үй ішінде, еңселі, көк қақпалы,
Таусылып өмір жолы, соқпақтары.
Қалың елге әйгілі бір Әулие,
Жатыр еді өмірмен қоштасқалы.

Берік тұтқан шешімін, байламын да,
Ойлайтын пенде еді ел қамын да.
Адамдарды соңынан ерте білген,
Қырық жыл жүрген жан ед Хақ жолында.

Жоқ еді-ау, сол кісідей сірә, ғалым,
Ақылшысы сол еді бұл араның.
Қоштасып, бақұлдасып қалу үшін,
Шәкірттері жиналды ғұламаның.

Ғұлама айтты, «Таусылды жол, ғұмырым,
Сендерге бере алмаймын енді білім.
Болса егер,, сұрайтұғын нәрселерің,
Сұраңдар, бүгін менің соңғы күнім.

Бәрі түбі бітерін сезгенімен,
Бақытты адам уайымсыз кездерімен.
Бақилыққа мен бүгін аттанамын,
Жүретін кез келді әркім өз жолымен.

Көрге кірер жазмышын татып пенде,
Жақсы болсаң оздырар уақыт төрге».
Ұстаз сөзін осылай аяқтады,
Көз тастап үнсіз қалған шәкірттерге.

Өзекке уайым толы батты салмақ,
Бір қорқыныш өн бойды кетті шарлап.
Ең үздік шәкіртінің көңлі босап,
Еңіреп, көзінен жас ақты парлап.

Ұстаз айтты,
– Ағызба сораңды, – деп.
Шәкірт айтты,
– Өзің ең маған тірек.
Енді қалай өзіңсіз өмір сүрем,
Алаңдайды уайымдап соған жүрек.

Жүріп келдік өзіңнің жарығыңмен,
Сен бар жердің жарық қой таңы мүлдем.
Сен бар жерге Алланың нұры түсіп,
Шуақ ап жататұғын бағы күннен.

Жүріп келдік өзіңнің ізіңменен,
Ойда жоқта мінеки, үзілді өлең…
Кетіп бара жатырсың, бізді тастап,
Жоспарым көп әлі де түзілмеген.

Қайдан табам өзіңдей нар тұлғаны?..
Шаруаң көп қой бітпеген артыңда әлі.
Бағытымды өзіңсіз таба алам ба? — Деп, шәкірті кемсеңдеп, солқылдады.

– Деп жүруші ем өзіңді жан қуатты,
Жүрсің бе әлі шеше алмай сан сұрақты?!
Қаншама жыл тәрбие алдыңдар ғой,
Неге сайлап алмадың шамшырақты?

Тағдыр дейді, шырмауы болар басым,
Шешумен-ақ шашыңды ағартасың.
Біреуге неғұрлым көп еліктесең,
Соғұрлым көп нәрсеңді жоғалтасың.

Әдет болып кетсе егер қалыптасып,
Адасасың, таптырмай бағыт қашып.
Өзің айтшы, қашанғы мен өзіңе,
Жол көрсетіп жүремін жарық шашып?

Жоғалтыпсың көп нәрсе, әз бауырым,
Енді, сені жатырқар өз дәуірің.
Өз жолыңды табуға тиістісің,
Бәрі бекер, болмаса өз жарығың…

Табуға тиіс пенде өз бағытын,
Жүйелі болу керек қозғалысың.
Сондықтан да сайлап ал шамшырақты,
Қараңғыда адасып қалмау үшін.

4 пікір

satirik92
Әдемі жазылған. Ұнады.
Aitain
Түсінгенім былай: өз өміріңде әркімге еліктеп жастықтың қызуымен жүре бермей шамшырағыңды, өмірлік бағытың мен ұстанымыңды сайлап алуың керек.
Мүмкін дұрыс емес те шығар ойым.
zhadyra155
жастықтың желігімен көп адам сызықтан шығып кетіп адасып жататыны өкінішті, артына қарағанда бәрі кеш
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.