ҚАРЛЫҒАШТЫҢ ҰЯСЫ

Көңіліме шуақты ән себелеп,
Ол кезде ататұғын таң керемет.
Қарлығаштар іргеге ұя салып,
Қиқулайтын ауланы әнге бөлеп.

Қарсы алып қиқуымен, тамаша анмен,
Оянар алакөбе, ала таңмен.
Қарлығашты қуалап жүретінмін,
Ұстап ап, сипағым кеп алақанмен.

Ойын қуып, шапқылап, қызық қуып,
Шығатұғын бізден де бұзық қылық.
Қайта-қайта соларға қарай берем,
Қарлығаштың өмірі қызықтырып.

Сәби сезім санаға ұялайтын,
Күндер-ай, қол жетпесті қуалайтын.
Қарлығашқа мен қанша қызықсам да,
Бірақ, олар әжеме ұнамайтын.

Елеңдейтін әрнеге құрғыр жүрек.
Қабағынан жауатын мұң сіркіреп.
«Мыналарды қайтемін?» дейтін әжем,
«Ауызғы үйді тезегі бүлдірді» деп.

Сол сөздері жанымды мұз қылатын,
Мұз қылатын, көңлімді жүз жыратын.
Ұнатпады, шынымен, әжем бір күн,
Қарлығаштың быт-шыт қып бұзды ұясын…

Ұнамады мұнысы аса маған,
Қателесті-ау әжем де осы арадан.
Қарлығаштар өкпелеп кетті содан,
Көңілі қалып біздің босағадан.

Обал болды, құр босқа салды ойранды,
Іске асырды бекер-ақ сол байламды.
Біздің үйге жоламай, көпке дейін,
Қарлығаштар ұясын салмай қойды…

* * *

Есейтіп, жетектеумен өрге мені,
Уақыт та жүйрік аттай желген еді.
Қоштасқалы көп болды балалықпен,
Әжемді де көп болды көрмегелі.

Көп болды мейіріңе қанбағалы,
Көп болды сен келмеске самғағалы.
Өткен күндер аңсатты, сағындырды,
Өмір жолы осылай жалғанады.

Таудай болып саясын төккен ерен,
Жайқалып тұр сен баптап, еккен емен,
Балалық қой ештеңе ұқпайтұғын,
Ұяға бола сонда өкпелеп ем…

Сағыныштан санама толған сарын,
Жабығамын жанарға торланса мұң.
Есіме оқтын-оқтын сен түсесің,
Қарлығаштың ұясын көрген сайын.

Уақыт-керуен, өзгерткен бар әлемді,
Қайырыла қоймассың маған енді.
Арада зулап өткен сансыз сәттер,
Сағындырмай қойсын ба ақ әжемді?!

Уақыт-керуен, қай тұстан түсер екем?
Соқпақтарым қай жерден бітер екен?
Уақыт өткен сайын сағынатын,
Адамдарың көбейе түседі екен…

Мықтыбек ОРАЗТАЙҰЛЫ

1 пікір

yesbolat83
Уақыт өткен сайын сағынатын,
Адамдарың көбейе түседі екен.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.