Жазғым келеді...

Жазғым келеді…
Жазғым келеді, не істеймін енді, өртеймін…
Іштегі жалын басылмай қойды-ау сөнбейтін!
Жалындап тұрған жүрекке беріп ерікті
Жыр жазам арнап болашақ саған өлмейтін!

Жазғым келеді, тасығым келеді өзендей
Арнадан асып, жағаны қуып келем бе?
Қай жаға маған сыйымды менің бұйырған
Бересің, әлде қолыңнан жұлып кетем бе?

Жазғым келеді, цунами болып мұхитта…
Жолыма онда тұрмағын, мені кешерсің…
Толқындарыммен ойнама қалқам ымыртта
Иіріміне терең жырымның түсіп кетерсің!

Жазғым келеді, көкірек неден күйіпті?
Ішке сыймаған запыран-мыстан күйікті…
Мендегі әлем аппақтан ғана тұрмайды
Қарасы да бар, қатайтатұғын жүректі…

Жазғым келеді, тым биік, асыл асқарды,
Гималай сынды бұлттардан асып құлашым!
Жазармын әлі, нұр тиген биік жырларды,
Құласам бәлкім, Гималай-жырдан құлармын?!

Жазғым келеді, жазармын әлі-ақ жолымды,
Ашылып маңдай, танып бір оңды-солымды…
Жете алмай жүрген армандарымның мәресін
Көрерсің өлең, жыр тудыр маған толымды!

Жазғым келеді, ақын сырларын іштегі,
Қандай боларын мұңдарын кімдер ұғыпты?
Қазғым келеді, жатыр ғой онда қазына,
Адам жандарын емдейтін шипа тығыпты!

Жазғым келеді, әлдебір кезген бейбақты,
Оған да енді адамдық көзбен қарашы!
Анадан ол да бала боп сендей туды ғой,
Тағдыры қайдам, алдаған шығар тым ащы?!

Жазғым келеді, жоғалтқан арын аруды,
Қайда екен шіркін балауыз жастық шырыны…
Арыңды бір күн бейуақыт кеште жоғалтсаң,
Түсінерсің, қалқам, қитұрқы өмір ұрыны!

Жазғым келеді, азды да көпті, жасты да,
Кәріні, тұлды, досымды және қасты да…
Есіңде ұста!
Сайтаннан артық жамандар!
Жаман ой түртер…
… Жақсы ой толған басты да!

1 пікір

Kan
Жақсылықты жаз. Жамандықты жаз ең бастысы мағнасы өткір ирімі ширақ болсын.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.