Көкейімде жырлар жүреді жаңғырып...

Көкейімде жырлар жүреді жаңғырып…
Көз ілмеймін таңдарды мен таңға ұрып…
Көнемін де, көкейіме сенемін,
Сенемін ғой, қалғаннан соң ұрынып…

Жүрегімде жатыр менің ит ұлып…
Бір жапырақ етке қалған мұң толып…
Саламын мен жүрегіме мың құлып,
Қалмасын деп үміттерім шын солып…

Жанымды сен түсінбейсің, оу пенде!
Жаныммен арпалысам мен де сендей!
Жаратылғам пенде боп мен де сендей!
Айтшы енді, неге отырсың түсінгің келмей?

Түсіңгің келмей, әлде бір сезгің келмей,
Мендегі отты көре алмай, көргің келмей…
Жүрсің бе, кім біледі, бөрің ұлып
Ішіңде жүрген болар тыным бермей!

Көңілімде жатыр менің бар арманым
Шыға бермес сыртына бар жиғаным…
Арманның жетегінде айылын жимай
Кете ме деп қорқамын ат-тұрманым…

Арманның қиялында тұрлауы жоқ
Қалмағын жалған ойдың жалғауы боп…
Өмірдің өрге тартқан өрлерінде
Пенденің шешілмейтін сұрауы көп!

Ағысын да арманның бұра алмадың?!
(Өмірдің ағысымен жүзе алар кім?...)
Тағдыр өзі салғанда илеуіне
Бұйырғанға төзеді шықпас жаның…

Болашаққа сенем мен, сеніп өтем,
Өшкен жүрек жанады жаңа леппен.
Жаңа үміт, жаңа бақыт құрсауында
Қаларсың әлі-ақ шіркін, сабыр етсең.

Көңілімнің менің де бар бір күдігі,
Сейілмейтін түсінбедім не қылығы?
Жақпады ма жүректің бір лүпілі?
Көңілдің күйін табу қиын –сыңды?!

Мен-дағы жыр жазармын олай-бұлай
Ішімдегі шықсын деп бықсып-жанбай…
Ұнамаса менікі, Абай айтқан
«Өз өлеңім өзіме», жағар майдай.

1 пікір

maulen
2-3 өңдеуден өту керек сияқты ғой бұл өлең! Оқырманды баулу қырынан дегендей…
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.