Жаным-ау сен ауырма...

Болсам шіркін бойыңда аққан қаның…
Ағызып жіберер ем қуып бәрін!
Емдеймін, мен келемін, тағы біраз
Жаныңа батса-дағы шыда жаным…

Жаным-ау сен ауырма, сен ауырсаң
Кетеді жер астымнан төңкеріліп.
Айнала қара түнек, мен бос қуыс
Түнекке кеткендеймін өңгеріліп!

Жаным-ау, ауырмашы, сен ауырсаң
Жерді басқым келмейді алшаң-алшаң!
Сен ауырсаң, жаным-ау, жаным менің
Келеді шипа болып барғым саған!

Жаным-ау берші маған мен де ауырайын
Саудың күні құрысын қаламаймын!
Жанымыз егіз болып жаратылған
Ауруды да көтереді білші айым!

Жаным-ау сен ауырма, ауырмашы
Сен ауырсаң қалады жаным жасып!
Жаның сенің сыңары менікінің
Сені басқан мені де қалар басып!

Жаным менің еркетайым, еркешім…
Тек жанымда жүрші менің көгершін…
Табаныңа кірсе егер бір тікен
Жүрегіме қадалғанын сеземін!

Жаным менің, ауам, суым, қорегім…
Мәңгі саған арналады бар емім!
Сені ауыртпау менің дағы ендігі
Мақсатыма айналды ғой шын сөзім!

Жаным, күнім, жарығым, балапаным…
Арналады мәңгілік саған әнім!
Аман болсаң сен егер мен беремін
Жүрегім, өкпем, миым, бәрін-бәрін…

Жаным-ау сен ауырма, сен ауырсаң
Келеді мен де жүргім жараланып!
Сыңарына оқ тисе қалай жүрмек
Жүрмейді ол жер бетінде жарты болып!

Жаным-ау бәрі құрысын, сен аман жүр!
Шын жүректен тілеймін ұзақ ғұмыр!
Қол ұстасып сенімен өтсем шіркін
Арманым жоқ дер едім шүкір-шүкір!

05.04.11.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.