Бауырларға

Бауырлар, ағайындар, туысқандар…
Қара қазан өкпемен жұғысқандар…
Тірліктегі дүниені мәңгілік деп
Санай ма деп қорқамын, ұғынсаңдар!

Тірліктегі бір жұтым, бір үзім нан…
Алып шығар бір күннен талап қылсаң!
Ақыретті ойламай қылсаң амал
Тамағыңа қадалар әрбір қылтаң!

Тірлікте масайрама барлығыңа,
Күйінбе шала құрсақ аштығыңа!
Әрдайым аш қалсаң да жырып бергін
Аузыңнан сенен де аш жақыныңа!

Қиындықта болар деп бір сүйеніш,
Үміт шамын сөндірмей біз жүрерміз!
Сүйемесең сүйеме, түсінші бірақ
Үміт отын сөндіру қиынырақ!

Өмір басқа, сен бөтен, қызық екен…
Соғыста да жүрген ғой адам бекем.
Өзгерсе де өзгерсін өмір-сынап,
Өзгермеші сен бірақ алабөтен!

Мен де сендей пендемін жаратылған
Құлқыным жақын еді тумысымнан!
Бірақ менің көңілімді мұң басады
Көргенде ағайынды сөз қуысқан!

Ағайын болыспасаң қарап жерге
Мен дағы әуре болмаймын түсіп терге!
Аман бол қайда жүрсең, жарармын мен
Қолыңа су құйсам да бір кәдеңе!

Ағайын бұл дүниеде бірлікте бол,
Берекені бірліктен табарсың сол!
Бай-кедей боп өлшенсе егер пәниде,
Өлшенбейді бақилықта анық ол!

Бауырлар бір-біріңе қарасыңдар!
Керіссеңдер, артынан жарасыңдар!
Бір дастархан басында қауқылдасып
Жиналып қимай-қимай тарасыңдар!

Мен білемін, сен де оны біл ағайын
Пешенеңе жазылған тағдыр лайым.
Жегіп қойып тағдырға қарап тұрған
Адамдыққа жатпайды, ол да айқын.

Адамға адам анығында шын бауыр
Көтеріссе қандай да бір жүкті ауыр.
Бір Алла жүректерге кеңдік берсін,
Шын ниетпен бауырға жаса қайыр!

Бауырлар, ағайындар, туысқандар…
Қара қазан өкпемен жұғысқандар…
Тірліктегі дүниені мәңгілік деп
Санай ма деп қорқамын, ұғынсаңдар!

1 пікір

Kan
тәлімі, тәрбиесі мол өлең екен. ұнады
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.