"Жанды жартас"


«Жанды жартас» поэмасынан үзінді авторы (Тұрсынзада Есімжанов)

… Жүйкесі жендеттің де бар ғой дер ем,
Жоқ екен! Қорлық түрі қандай көп ең
Қос жұлдыз ағып түсті жерге, міне,
Мәңгілік қоштасты да маңдайменен.

Мәңгілік оған солай қақпан құрды
Айналады тас түнекке ақ таң нұрлы
Ойып ап қос жанарын,
Отанына
Еркінді су соқыр ғып аттандырды
8 бөлім

Хат күтіп Гүлмираш та асыққан – ды
«Сүйінші» деген кезде сасып қалды.
«Жазуы сыртындағы бөтен ғой » деп,
Еркіннен келген хатты ашып қалды.

«… Гүлмираш!
Мәңгілікке соқырмен мен.
Хатыңды енді қайтіп оқырмын мен,
Еш бөгеу болмайын деп бақытыңа
Досыма хат жазғызып отырмын мен.

Тұтқында жоқ болды ғой көргенім,
Үмітке қыл көпірмен өрмеледім.
Олжам сол екі көзді жауға беріп,
Өзің мен Отанымды бермегенім!

Көз жоқта жегенің де, желім екен,
Өмірің көзсіз сүрген өлім екен
Адамды көрмей өту қандай қиын,
Көз емес, көз дегенің – елің екен.

Көз жоқта – жегенің де желім екен
Өмірің көзсіз сүрген өлім екен
Көсемнің суретін де көре алмайсың
Көз емес, көз дегенің – Ленин екен.

Көз емес, көз дегенің – жарың екен,
Енді оны тек көңілменен танып өтем
Көз жоқта бар жоғыңды сезу қиын
Көз емес, көз дегенің жаның екен.

Көз деген – тауың екен, далаң екен,
Көз деген — анаң екен, балаң екен.
Көз емес, көз дегенің – шынын айтсам,
Басыңнан өтер бүкіл заман екен.

Жанарым еді менің жасқа бекем,
Жаным да жай ет емес, тастан екен
Жұлдыздың жыпырлаған біреуі жоқ,
Көз емес, көз дегенің аспан екен.

Мен үшін аяйды енді нұрын Күн, Ай,
Мен үшін кетті қарап қыран «Құдай».
Таппайым Сарыжартасты өз бетіммен,
Салсам да әндеріме бұрынғыдай.

Жеңістің төгілер деп күн шуағы,
Қанша жыл қайран жүрек тыншымады
Әнімді естігенмен енді менің
Жүгіріп Сарыжартасқа кім жығады.

Мен үшін ол күндерім бірі де жоқ,
Мен үшін ұсақта жоқ, ірі де жоқ
Мен үшін зат атаулы бәрі бірдей
Енді оның тазасы да, кірі де жоқ.

Мен үшін енді гүл жоқ қырды жапқан,
Таңда жоқ Сарыжартасты жарқыратқан.
Жоқ енді Алатау да, Ақтұма да,
Арғымақ толқындарын арқыратқан.

Көзім жоқ бәрін көріп алға қарар,
Мәңгілік оралмайтын арман олар.
Мен үшін батыр да жоқ, пақырда жоқ,
Мен үшін қыбырлаған ел ғана бар.

Көзім жоқ бәрін көріп алға қарар,
Мәңгілік оралмайтын арман олар.
Мен үшін күнің де жоқ, айың да жоқ,
Мен үшін өзім басқан жер ғана бар.

Қозғалам, таппаспын мен сірә, тыным,
Әділмін – жоқ ешкімге бұратыным.
Мен үшін батыс та жоқ, шығыс та жоқ,
Білмеймін күнің қайдан шығатынын.

Адаммын өлімге де беріспеген,
Оралдым мен ақталған, борышпенен,
Мен үшін бір – ақ жау бар –
Соғыс деген!

Соғыстың жалынында жанып қайттым
Сол жақта ажал алмай неғып қайттым.
Маңдайдан қос жұлдызды бердім – дағы,
Бір жұлдыз омырауыма тағып қайттым.

Оны да көзсіз басым көре алар ма?
Шынымен, жарық жалған жоғалар ма?
Алтыннан мың жұлдызды тақсам – дағы,
Бастағы қос жұлдыздай бола алар ма?

Айналды дұшпаныма назды тағдыр,
Алдымнан мәңгілік көр қазды тағдыр,
Тасты ойып жазып едім атымды мен
Өз атын көзімді ойып жазды тағдыр.

Мен енді осынау аттан айықпаймын,
Қарғаймын сұм соғысты айыптаймын.
Өмірім шалқып жатқан мұхит болса –
Ескегі суға кеткен қайықтаймын.

Қызығы азайғандай енді өмірдің,
Қозғалмас Сарыжартас та, мен де бірмін.
Тас болып меңіреуленіп тұрармын –ау
Кеткен де қызық іздеп өңге құрбым.

Жаныңнан жүрсін аулақ қайғы-уайым,
Арманым-Гүлмирашым айналайын,
Іздеп тап арманыңды басқа жақтан,
Мен сенің бақытыңды байламаймын.

Ешқашан мұны саған мін етпеспін,
Шарам жоқ келмеседе түнек кешкім.
Соқырдың сұрағанын берсе құдай-
Мәңгілік бақытыңа тілектеспін…
аяқталмаған,,,,,

2 пікір

mairosh
денемді тітіркендіріп жіберді оқығанда(((((((( тамаша жазылыпты +1
Madiash
өте жақсы жазылған екен. салыстырулары, барлығы адамды ойландырады екен…
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.