СОЛ СЕН ШЫҒАРСЫҢ...

Өмір жолында сүрініп сан ақтарылғам,
Сабақ алып ем сенделткен ағаттарымнан.
Қолымды жайып бет бұрып құбыла жаққа,
Бармақтай бақыт сұрағам Жаратқанымнан.
Сол сен шығарсың…

Сендермен өтсе тәп-тәтті шырын күндерім,
Бақыт дегеннің не екенін ұғындым дедім.
Омырауынан бұрқырап Жәннаттың иісі,
Бесік таянып емізер ұлымды менің.
Сол сен шығарсың…

Қылығыменен сейілтер уайымды тұнған,
Еріне адал болуға дәйім ұмтылған.
Келіндік жолда қадірі таудан биік боп,
Ақ алғыс алар ене мен қайынжұртынан.
Сол сен шығарсың…

Кеудеде тұнған, жаралған назыңнан әлгі,
Сағыныш дейтін тербетсе сазым ғаламды.
Таңдайымдағы тілекке Жаратқан берген,
Маңдайымдағы бақыт боп жазылған мәңгі.
Сол сен шығарсың…

Өзің жоқ болсаң жүрегі аласұрған-ды,
Әлемнен таппай дәл сендей жанашыр жанды.
Мойыныма келіп «Әке» деп асылатұғын,
Құлындарымның сүйетін Анасын мәңгі.
Сол мен шығармын!

Жүректен сөзім төгіліп жақұт боп шашыл,
Кедергі емесі, бәрібір, уақыт тоқтасын.
Адалдықтары үлгі боп барша ғаламға,
Қолұстасып кеп ашатын Бақыт қақпасын.
Ол біз екеуміз!
29.12.2013 жыл

5 пікір

Jako
Өте тамаша жазылған өлең екен.
Ai_fariza
Арбiр назiк жандыларды суйгендерi осылай багаласа нур устiне нур болар едi
Kan
Сендермен өтсе тәп-тәтті шырын күндерім,
Бақыт дегеннің не екенін ұғындым дедім.
Омырауынан бұрқырап Жәннаттың иісі,
Бесік таянып емізер ұлымды менің.
Сол сен шығарсың…
недеген тауып айтылған сөздер. мен осындай сөз маржанын майыстырып жазатын ақындарды қатты құрметтеймін. жарайсы бауырым!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.