БАҚЫТЫҢДЫ ТАНЫП АЛ

Туындамай тұрмайды сұрақ мүлде,
Жарық шаша бермейді шырақ түнде.
Бақыт деп ойлағаның…
О несі екен?
Бақытсыздық боп шығар бір-ақ күнде!

Тағдыр деген осы ғой, толқымалы,
Пенде шіркін жоқ іздеп шарқ ұрады.
Белес қуып, алдамшы елес қуып,
Арманыма жетсем деп талпынады.

Бітпейтін, таусылмайтын сансыз ілік,
Алдайды сан өзгеріп, сан құбылып.
Арманнан қайта -қайта адассақ та,
Өле -өлгенше сөнбейді әлсіз үміт.

Арман да өзгереді, түрленеді,
Пенденің таусылар ма мың керегі?
Төрт құбыла түгел боп тұрса-дағы,
Іздеуменен өтеміз бірдеңені.

Жігеріңді жаниды, қозғайды үміт,
… Кім бар екен күн кешкен аз қайғырып?
Амал қанша?
О баста пенделерді,
Жаратқан қанағатын аздау қылып.

Жүйрік, жылдам болсаң да қилы есепке,
Ысырылу түк емес мүлде шетке.
Сонда да бақыт іздеп шаршамаймыз,
Не екенін нақтырақ білмесек те.

Адамның алтынға тең заты сынды,
Қандай қиын — жоғалтпау уақытыңды,
Өмір сүру, әрине, оңай емес,
Ең жаманы — танымау бақытыңды.

Мықтыбек ОРАЗТАЙҰЛЫ

3 пікір

Jako
Жақсы ертек екен)))
9876543210
өле өлгенше сөнбейді әлсіз үміт…
maulen
Адамның алтынға тең заты сынды,
Қандай қиын -жоғалтпау уақытыңды,
Өмір сүру, әрине, оңай емес,
Ең қиыны -танымау бақытыңды.

Аяқжағы өрт екен, плюстедім, ұнады, жарайсың!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.