Тәубе

Кешір мені, құл сүйгіш Жаратқаным!
Күнә жасап, заңыңнан сан аттадым.
Намазымды оқымай қаза қылдым,
Қайта ұйықтап, көрсем де таң атқанын.

Шала-шала орындап парызымды,…
Көбейттім мойнымдағы қарызымды.
Тыйыл деген нәрсеңнен тыйылмадым,
Аңдап баса білмедім әр ізімді.

Саған деген аз болып шүкірлігім,
Көбейгендей күнә мен күпірлігім.
Күпірлік қып фәниден өткендерден
Қаһарыңнан ей Аллам, құтылды кім?!

Соны ойласам толады кеудеме мұң…
Азабыңды басыма берме менің!..
Мейіріміңнен құр қалсам, Рахымдым
Өмір сүріп, несіне сенделемін?!

Мен алданғам өмірге осы жалған.
Кешіре гөр, Сүйіктім! Кешір Аллам!
Мейіріміңнен айырма, Махаббатым
Мейірімің мен үшін — асыл арман!

Авторы: Дәулет Дәмен

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.