Өлеңге қайту

Муза!
Көремісің басымдағы әуремді,
Жоғалттым, ә, кеудемдегі сәулемді?
Жырлайыншы қалам ұстат қолыма,
Ескер менің келген мына тәубемді.
Жырлайыншы сәт ғұмырды, дәуренді,
Муза, менің қайтып берші сәулемді.
Жатар алды терезелен үңілдім,
Қайта жаптым келмей жатып түңілгім,
Жыр сұрап тұр жапырақтар төгілген,
Кәрі қайың неге сонша бүгілдің?

Содан таңым мазасыз боп атқандай,
Ұқтым ба екен айтады ол дат қандай?
Жырланса да өздігінен табиғат,
Менен де бір шумақ сұрап жатқандай?

Маған күйсіз көшедегі адамдар,
Айтшы, муза, менің оған санам тар.
Жыр-әлемге ақындықпен басылған,
Қанша сәтсіз аяқталды қадамдар.

Сілкіп оят, түнге болып жүрміз жар,
Ұқтырды күз көңіліме кірді ызғар.
Муза, менің бәрінен де ең бұрын
Жаңа өлеңім күтіп жүрген бір қыз бар.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.