Мен сені көрдім дәл бүгін

Мен сені көрдім дәл бүгін
Көңілде өзге арманмен
Жүрекке тастап қалдығын
Кетіпті-ау өтіп бал дәурен

Жүруші ең балғын күніңде
Жұлдызды санап аспаннан
Сен үшін қалқам бүгінде
Ересек ғұмыр басталған

Қыздардан маған көрінген
Өзгеше еді шоқтығың
Бұрымдап шашың өрілген
Сол бала бейне жоқ бүгін

Сызылған әсем, бал сынды
Естілген маған анық тым
Еліткен сенің даусыңды
Есімде сақтап қалыппын

Өткеннің жайын сұрасып
Келдік те жүріп даңғылмен
Кеткеніңше сен қыр асып
Артыңнан қарап қалдым мен

6 пікір

maulen
Әдемі жыр. Марқұм Әріпбаевтың: «Садықтың өмірі өлеңіне, өлеңі өміріне тұтасып кетіпті»-сінің көрінісі екен мына өлең жолдары.
Kan
«Арулап шашың өрілген» деген жерде арулап деген сөз келіңкіремейді.
MSHERIMBEK
Дұрыс айтасыз. Басында мән бермеген болуым керек, әсті.
Jako
Садық, «Арулап шашың өрілген» деген жердегі арулап сөзін «Бұрымдап» — деп өзгертсе қалай болар еді, біздің қазақта арулап сөзін қайтыс болған кісіні шығарып салуға қаратып айтады емес пе?
MSHERIMBEK
Иә аға, мән бермеген болып тұрмын ғой. «Арудай» шашың өрілген дегім келген болар негізі) Рахмет аға ескертуге. Сіздің нұсқа әлдеқайда сәтті екен )
Мен туралы айтылған сияқты. Өкінішті
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.