ЖАЛҒЫЗ ДОСЫМ

Өмір-ай, сапасыздың саны басым,
Достар аз, жүрегіңе жаны жақын.
Сәттерде құлазитын, қамығатын,
Сен ғана сияқтысың мені ұғатын.

Мен үшін орның басқа, жөнің бөлек,
Екеуміз жанымыз бір сезілген ек.
Бұралаң, иір жолдар шаршатса да,
Тұрасың періштедей өзің жебеп!

Әлі де үмітім бар жоғалмаған,
Әлі де сезімім бар тоналмаған.
Жазуы маңдайымның солай болар,
Сөкпеймін тағдырымды сан алдаған.

Сетінеп, сенімімнің бағы ұшса да,
Жабықпа, әз жүрегім алысты ора!
Менің де сырға толы әлемім бар,
Сыймайтын кеуде түгіл ғарышқа да!

Жазмыштың көнсек-дағы жарлығына,
Бола ма кірлетуге арды мына?
Дегенмен дән разымын, еш өкпем жоқ,
Өзіңмен таныстырған тағдырыма!

Алдамшы армандарға жолықтым сан,
Мұншалық мұңаймас па ем желік қусам?..
Әдемі жырды саған арнар едім,
Егерде Мұқағали болып тусам.

Мықтыбек ОРАЗТАЙҰЛЫ

3 пікір

Kan
Мұқағали болып тумасаңда Мұқағалидің ұрпағы емессіңбе исі қазақ. арнаған жырың әсерлі екен. сөздеріде жақсы өрілген. әсіресе мына жолдары қатты ұнады.
«Менің де сырға толы әлемім бар,
Сыймайтын кеуде түгіл ғарышқа да!»
тамаша!!!
Jako
Кан мырза, Мықтыбекті жақынырақ білгің келсе Фейсбукка тіркел.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.