Сен қайдасың, мен қалдым жырақта мұңмен...

Сен қайдасың?
Мен қалдым жырақта мұңмен,
Көзімдегі жауапсыз сұрақтарыммен
Жүрегіңнен орын таппадым,
Тарықтым талып,
Кірпігіңнің ұшында тұрақтадым мен

Сен қайдасың?
Мен қалдым көз-жасымменен,
Ауырлап барам…
Жеңіл ме қорғасын менен,
Аяз жүгірді тәнімнің тамырларында,
Қалтырап барам қалада,
Тоңбаспын деп ем.

Сен қайдасың?
Мен қалдым естелік құшып,
Өткен күндерім уақытқа кесте боп түсіп,
Бұрылып кеттің…
Бақытты сияқты болып,
Ерніммен ғана елеусіз
Хош дедім ұшып.

Өксіп-өксіп өмірім тоналар күнмен,
Өбісіп мұңмен будай боп жоғалармын мен
О, дүниеде де жүрегім дамылдай алмай,
Бұ дүниеге
Сен деп оралармын мен…

Өлеңді жазған: Жұлдыз БЕЙСЕКОВА.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.