Армысың Теріскейім?

Мен неге, сағынышпен бөліспейін?
Армысың ата-қоныс, Теріскейім!
Жыл айналып, перзенттің тағы келді,
Гүліңді бер, туған жер иіскейін.

Шаңдатқан, топырағыңа бір аунайын,
Сызғаным Саңғыл баба жыр арнайын.
Тарихын тасқа қашап алған мекен,
Созағым қасиетті, Құрандайым.

Таукент таулы қырат қоныс жайлы,
Қайнарым қонақтарын тең ұстайды.
Көктебем кер маралдай сұлу өлке,
Әжеден тоймай жейтін, құрт пен майды.

Бабалар ат тұяғын таңба қылған,
Арылмаған саясы көкпарлы ұлдан,
Қарақұр алтын орда, түп қазығым,
Шыр етіп, жөргегіңе орнатылған.

Ақынға Алла салған қызыл тілін,
Ақтардым толып қалған жүрек сырын.
Балалық көз алдымнан өте шықты,
Балғын қыз екі шашқа өрген бұрым.

Ананың ақ сүтінен арылмаған,
Әкенің арқасына дамылдаған.
Ағаның ұрысқанын елемеген,
Апкелер еркелетсе жымыңдаған.

Уақыттың да талабы өзгереді,
Кешегі балапандар ел ертеңі.
Туған жер ұясынан ұшырады,
Өсті деп, қуаныштан бір тентегі.

Туған жер қалықтаған қырандарың,
Өзіңнен ұзатылып, сыңарландым.
Рухани байлықты іздеп келіп,
Шабытты жырларыммен тұмарландым.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.