Өтейін сыр боп

Мен сенің, сәулем, көзіңнен аққан жасыңмын.
Өтейін сыр боп, көрсетпе жұртқа, жасырғын.
Сен менің жансыз, тас кеудемдегі жүрексің,
Мен сенің сырлы жүрегіңдегі тасыңмын.

Мен сенің, сәулем, — орындалмаған арманың.
Бойыңа тұнған, бояуы сіңген таңбамын.
Мен сенің, сәулем, — ұйқысыз өткен түндерің,
Тағатсыз атқан таңдарың.

Мен сенің, сәулем, — жастыққа тамған жасыңмын.
Сырыңмын сөнбес,өзгелер білмес.Жасырғын.
Сен менің жансыз тасыма біткен гулімсің,
Мен — сенің бағың.Гүлім бар — мәңгі жасылмын.

Жорғалап жылдар, жоғалар уақыт азар күн,
Жадыңда тұрып, жыртылып мен де тозармын.
Өтейін сыр боп өзіңе ғана әйгілі.
Қақпағын ашпа жабылған қара қазанның.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.