МУЗА ҚЫЗ

Поэзия, менімен егіз бе едің?! /
Аппақ қыз, әнге айналған, жырға айналған,
Толқын боп жүрегіңде тулайды арман.
Тұңғиық дүниедей ғажап сәттер,
Шақырып қос қанатын бұлғайды алдан.

Өзің деп атыратын әр таңдарын,
Өзің деп өрнектейтін ән, толғауын.
Оянып шалқар шабыт кеудедегі,
Ақынның еліттің сен дархан жанын.

Ақынның еліктірдің дархан жанын,
Қозғадың көңілдегі қанша арманын.
Өзіңсің тылсым әлем жұмбағы мол,
Өзіңсің мөлдір бұлақ, кәусар балым.

Көкке өрлеп асқақтадым, шыңға міндім,
Жыр жаздым, ой қуалап, түн жамылдым.
Түсіме сен кіресің періште боп,
Ішінде сен жүресің жырларымның.

Көнейін, не десең де көтерейін,
Бақытқа қарай бастап жетелейін.
Моншақ қып жұлдыздардан алқа тағып,
Айды да қажет болса әперейін.

Шырқайын әсем әуен ән сұрасаң,
Сазымен тербетілсін жарты жаһан.
Қолымнан келер болса өзіңменен,
Тебер ем Ай астында алтыбақан.

Арылтып шаршаңқы ойдан күндізгі алуан,
Қиялдың қанатына мінгізді арман.
Жол салып Ай мен Күннің арасына,
Берер ем көпір жасап жұлдыздардан.

Сыйлайтын көңілге гүл, жанға шуақ,
(Ешқашан естелік боп қалмашы ұзап)…
Сен жаққа мың барамын қалқып көкпен,
Жалына жүйрік ойдың жармасып ап.

Қызғалдақсың шуақты күннен алған.
Сенің жаның секілді гүлге оранған,
Ал, менің жүрегімнен жыр жаралған,
Көкірегім сондықтан тұнған арман…

Көкірегім сондықтан тұнған арман,
Арман тұнған кеудеме түн қамалған.
Нала мұңға бағынбай шырмап алған,
Сені іздеумен өтемін бұл ғаламнан.

Дала жатыр түн-кәусар шаққа оранып,
Мен отырмын шабытты баптап алып.
Түсіме сен кірерсің, бүгін бәлкім,
Өлеңдерді мен жазған жаттап алып.

Мықтыбек ОРАЗТАЙҰЛЫ

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.