МЕН ЖЫРЛАМАҒАН МЕЗГІЛ

Жырға қосып табиғатты түлеген,
Көктем жайлы жазсам деп ем бір өлең…
Көктем жайлы жыр жазамын деймін де,
Бос шимайға айналдырып жіберем.

Арқау етіп сағынышын маздаған,
Шайырлар аз Көктем жырын жазбаған.
Қалдырмапты мен жазатын ештеңе,
Үнемі сол… бәрінен кеш қозғалам.

Кейіпкер қып қырдың қызыл гүлдерін,
Жырға қосып шуақ шашқан Күн лебін.
Барлығын да менен бұрын жырлапты,
Не жайында жазсам екен? Білмедім…

Көңілдерге серпін беріп әз-арман,
Бақыт шығар, Көктем жайлы жаза алған?..
Қайтқан құстар, бүршік атқан бұталар…
Ешбірі де тыс қалмапты назардан.

Мен не жазам? (Сұрақ болды-ау, есті алған),
Ақынмын ба ерте туып, кеш қалған?
Орындалмай биыл және қалады-ау,
Көктем жайлы жазсам деген ескі арман.

Қаламымды оңды-солды сілтеткен,
Сәттер қайда жүрегімнен жыр төккен?!
Бір өлеңді арнамасам (өз ойым),
Маған ренжіп қалатындай бұл Көктем.

Көктем… Көктем… өлеңменен тіл қатып,
Өн бойына құс қиқуын шулатып.
Бір өлеңді арнағым-ақ келеді,
Жоқ, әзірге бұйырмай тұр бұл бақыт.

Мен аңсаған Көктем болар мүмкін, бұл?
Болса егер, жан-дүниемді сілкіндір!
Қайырылмай жыр жаздырар шабытым,
Оянбайды-ау кеудедегі мың күмбір.

Толғансам да ару-мезгіл хақында,
Шабыт шіркін тағы оянбай жатыр ма?..
Көктем жайлы тебіреніп, төгілтіп,
Жыр жазбаған ақын сірә, ақын ба?!!!

Мықтыбек ОРАЗТАЙҰЛЫ.
2016 жыл.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.