АЛБЫРТ СЕЗІМ

Жүрегіме ұя салған нұрлы арман,
Елесіңді іздейін бе жылдардан?
Әлсін-әлсін қарайлатып соңыма,
Көктемімді жиі аңсатты бұл жалған.

Албырттықпен қоштаспаған шақта едім,
Балғын едім, періште де пәк, керім.
Сен бір жәудір естеліксің тым аппақ,
Көңілімнің жайлап алған қақ төрін.

Балаң сезім, тереңдеген тым ары,
Көңілімде әсем ән боп тұр әлі…
Алыстатып алдым сені, ал оған,
Албырттығым шығар мүмкін кінәлі?..

Жүрегімде тұтанбаған сан шоқ бар,
Лаулай алмай ерте сөнді қанша оттар.
Тау суындай тап-таза да мөп-мөлдір,
Шіркін, қандай керім еді сол шақтар!

Тоқтам көрмей уақыт-жорға бүлкілдеп,
Артта қалды қыр-белестер біртіндеп.
Сонау балғын жылдарымның төсінде,
Қалқып ұшар ақ арманым үлпілдеп.

Бастан талай үміт ұшты, өтті арман,
Жастық әнім қол бұлғайды шет қалған.
Қарсы алдымда сүрлеу жатыр көсіліп,
Жұмбағы мол болашақты бетке алған…

Өн бойымды қыр самалы өпкен сәт —
Көктемді аңсап мен отырмын көкті аңсап.
Сен ешқашан оралмайсың мен жаққа,
Секілденіп оралмайтын өткен шақ!

Мықтыбек Оразтайұлы.

1 пікір

ARDANA
Бауырым. Талабыңа нұр жаусын иншалла. Мен ақын да, сыншы да емеспін. Қарапайым оқырман ретінде айтқан пікірімді қабылдарсың деп ойлаймын.

Жүрегіме ұя салған нұрлы арман, Елес болып өткен өмір мұнарған,
Елесіңді іздейін бе жылдардан? Алқа тағып кеткендей-ақ тұмардан.
Әлсін-әлсін қарайлатып соңыма, Сағыныштың шекпенін жауып кетті,
Көктемімді жиі аңсатты бұл жалған. Жүрегімде ұялаған нұр арман.

Албырттықпен қоштаспаған шақта едім, Албырттығым шылбыр құрық шақта едім,
Балғын едім, періште де пәк, керім. Бозғын күйде періштедей пәк пе едім?!
Сен бір жәудір естеліксің тым аппақ, Естеліктей жадымнан өшпей-тұғын,
Көңілімнің жайлап алған қақ төрін. Көңілімнің жайлап алдың ақ төрін.

Балаң сезім, тереңдеген тым ары, Балаң сезім шабытымның шынары,
Көңілімде әсем ән боп тұр әлі… Жүрегімде бүршік жарып тұр әлі.
Алыстатып алдым сені, ал оған, Алыстатқан сені менен, апыр-ау,
Албырттығым шығар мүмкін кінәлі?.. Албырттығым шығар менің кінәлі?!

Жүрегімде тұтанбаған сан шоқ бар, Жүрегімде шала сөнген бір шоқ бар,
Лаулай алмай ерте сөнді қанша оттар. Лаулап жанбай сөніп қалды құр оттар.
Тау суындай тап-таза да мөп-мөлдір, Таудан аққан мөлдіреген бұлақтай,
Шіркін, қандай керім еді сол шақтар! Сағыныш боп қалды ау әттең сол шақтар!

Тоқтам көрмей уақыт-жорға бүлкілдеп, Тізгін бермей уақыт жорға бүлкілдеп,
Артта қалды қыр-белестер біртіндеп. Айды жылға жалғастырды жөңкілдеп.
Сонау балғын жылдарымның төсінде, Өткен балғын жылдардың құшағында,
Қалқып ұшар ақ арманым үлпілдеп. Ақ арманым қалқып ұшты үлпілдек.

Бастан талай үміт ұшты, өтті арман, Бастан талай үміт шошып, кетті арман,
Жастық әнім қол бұлғайды шет қалған. Жастық күнім қол бұлғайды шет қалған.
Қарсы алдымда сүрлеу жатыр көсіліп, Ал, бүгінде сүрлеу көп жол жатыр,
Жұмбағы мол болашақты бетке алған… Жұмбағы көп келешекті бетке алған…

Өн бойымды қыр самалы өпкен сәт — Қыр самалы өн бойымды өпкен-ді,
Көктемді аңсап мен отырмын көкті аңсап. Қарлығаштай мен де аңсадым көктемді.
Сен ешқашан оралмайсың мен жаққа, Сен бәрібір оралмайсың мекенге,
Секілденіп оралмайтын өткен шақ! Уақыттай қайтармайтын өткенді…

Менікі тек пікір ғой. Ар жағын өзің қара бауырым. Эпитеттерді орнымен пайдалануға тырыс. Талабыңа нұр жаусын. Жарайсың. Жаза бер сонда шыңдаласың
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.