«Балауса» мектеп жасына дейінгі балаларға арналған әдеби шығармалар бәйгесінің қорытындысы жарияланды

Қызықты деректер /
Қазақмыс Тобы мен Қазақстан Жазушылар одағы мектеп жасына дейінгі балаларға арналған ең үздік әдеби шығармалардың «Балауса» бәйгесін қорытындылады.

Мемлекеттік тілдегі қазіргі заманғы балалар әдебиетінің дамуына атсалысуға бағытталған бәйге 2012 жылғы 2 сәуірде, яғни Халықаралық балалар кітабы күні жарияланған еді.

Бәйгенің негізгі мақсаты — балалар əдебиетіне қолдау көрсету арқылы бүгінгі заман талабына сай шығармалардың жазылуына ықпал ету, сол арқылы балаларды қаршадай кезінен өз ұғымдарына лайық əдеби туындылармен молынан сусындатып, туған елге, ата-анаға, дос пен бауырға деген сүйіспеншіліктерін қалыптастырып, ұлтжанды, өнегелі, білімқұмар болып өсуіне негіз қалау. Бәйгеге қатыстырылатын жұмыстар 2012 жылдың 2 сәуірінен бастап 31 желтоқсанына дейін қабылданды.

Қазақстан жазушылар одағы мен Қазақмыс Тобының өкілдерінен құралған бәйгенің әділқазылары 150 автордан келіп түскен 200-ден астам еңбекті қарап шықты. Айта кетерлік жайт, «Балауса» бәйгесінде кәсіпқой жазушылар да, әуесқой жазушылар да қатысуына мүмкіндік берілген болатын.

«Қазақмыс – Қазақстандағы ең ірі компаниялардың бірі және де ол еліміздің мәдени мұрасы мен қазақ тілін қолдап, ілгерілетуге белсенді атсалысып келеді. Осы бастамалар Қазақмыс Тобының корпоративтік және әлеуметтік жауапкершілік жөніндегі бағдарламасында көрсетілген. «Балауса» тап осындай жобалардың бірі және де біз бұл бәйге көпшіліктің балалар әдебиетіне деген қызығушылығын арттырып, ұлттық мәдениетті дамытуға, келешек ұрпақты тәрбиелеуге және қазақ тілін одан әрі өркендетуге қомақты үлес қосады деп сенеміз», — деді өз сөзінде «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-ң вице-президенті Асқар Маткенов.

Бәйгенің жеңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты шара 2013 жылдың 2 сәуірі күні Алматы қаласында Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өтті.

Марапаттау рәсімінде бәйгенің жеті қатысұшысы жүлделі орын алды.
Балаларға арналған əдеби шығармалардың «БАЛАУСА» бәйгесі жеңімпаздарының тізімі:

1. Бас жүлденің иегері — Қастек Баянбай.
2. Бірінші орын иегері — Думан Рамазанұлы.
3. Екінші орын иегері — Шәкен Күмісбайұлы.
4. Екінші орын иегері — Ертай Ашықбаев.
5. Үшінші орын иегері – Байбота Қошым-ноғай.
6. Үшінші орын иегері – Ділдәр Мамырбаева.
7. Үшінші орын иегері – Ернұр Сейдахмет.

«Балауса» бәйгесінің ұйымдастырушылары оны жылсайынғы бәйге ретінде жариялауға ынталы.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.