Мөлдір КешYou-дан нені ұрлады

Қызықты деректер /
Қазіргі КешYou тобының құрамы қазақты төрден көрі көрге сүйремесе игі

2012 жылы жаңа құраммен көрермен көзайымына айналып жүрген КешYou тобы сахналардың сәнін кіргізіп, біраз белестерді бағындырып үлгерді. Бірнеше бейнеклиптері мен оншақты әндерін тыңдарман қауымға сыйлап, өнерімен тәнті қылып та келеді. Алай да, КешYou тобының ескі құрамы этика, эстетикаға баса назар аударып, заманауилық пен қазақилықты қатар арқалаған еді. Топтың экс-солисті Мөлдір Әуелбекованың «Ғашық Жүрек» фильмінде басты рөлді сомдап топты мерейлендіре түскен болатын. Және, Мөлдірдің барында топта ұлттық бояу, нәзіктік пен жарасымдылық бой көрсеткен болатын. Өнер әлемінде өзіндік таңбасын қалдырғалы жүрген топ, аяқ астынан 2012 жылы продьюсттері Баян Есентаевамен келісімді бұзып, топ құрамы толық ауысты. Болған жайға елең еткендер аз болмады. Топтан кеткеннен соң «Өсиет» әнін орындап көрермендеріне жол тартқан қызымыз, жалғыз болса да қолдау мен ықыласқа бөленді. Әлде, сол қазақилық пен дәстүрге жақын болған себепті топтың маңдайына сия алмай кетті ме? Продюссердің заман ағымы деген талабы экс әншілерді қанағаттандырмады ма?
Мөлдір Әуелбекованың топ құрамынан кетуі үлкен даулы мәселе болып үлгерді. «Жел тұрмаса шөптің басы қозғалмайды» деп халық ауызындағы сөзге назар салатын болсақ, продюсері Баян ханымның сіңілісі Бағымның күйеуімен Мөлдірдің жеке қарым-қатынасы болды және ол айқындалған соң топтан кетірді деген сөздер бар. Ол жағдайға байланысты екі жақ та толық мәлімдеме бермеді. Сонғы жаңалықтарға сүйенсек, Балым отбасымен тату-тәтті өмір кешуде. Сонда бұл шу Мөлдірді топтан аластатуға бағытталған кезекті әрекет пе?

Көп уақыт өтпей, Баян ханым қыздарын қайта жасақтап, Жанар, Айдана және Кәмшат атты қыздардан тұратын топ эстрада әлеміне жол тартты.
Топтың құрамының ауысуы қазіргі таңда жаңалық болмай қалды. Мысалы, Ресейлік Виа Гра тобында қыздар 18 рет ауысқан екен. Топтың қыздарына қайран қалған Ресейлік 5 милион еркек топ продюсері Константин Меладзеге шексіз рахметін айтып, алғыстарын білдірген. Сонда Виа Гра тектес топ құрып, елін соған еліктіргелі жүрген Баян Есентаеваның көксегені не болды екен?! Халық абройе емес сияқты, аудитория жинауға да ұқсамайды, себебі, кез-келген концертте көрермендердің жас-кәрісіне қарамай ашық-шашық шығып жүргеннен қымсынбайды. Әлде, Ресейдегідей алғыс жинау болды ма…
Бір дегенде «Асықпа» бейнеклипі көрерменді таңқалдырды. Бірі мақтана жаға жыртса, бірі ұялып жағасын ұстады. Иә, заман талабы, уақыт ағымы көп өзгерісті қажет етеді. «Қазақилық» деп айғай-лаң салғанның да қажеті жоқ. Тек байыппен, этика мен эстетика заңдылықтарын бір шолу да жеткілікті. Батысты жын-ойнақ деп бекер айтпайды. Сол жын-ойнағы тек ақша көзі болып, бизнес жүргізуге мұрындық. Ұрпақты азғындауға шақыру – сұм саясаттың сұрқия ойы. Шаштарымен, киімдерімен, билерімен әлек болып жетілемін деп жетісіп жүрген қазақ жастары да бар. Әрине. Әр өнер иесінің ұстанымы, бағыты, мақсаты болады. Алай да, адам болған соң адамдықтың да өзіндік ұстанымы, бағыты, мақсаты бар. Сол адамдықтан аттап өнерде жүрмін деп өмірде өрескел қатеге бой алдырғандар да аз емес. Болдым-толдым деп, өзі түгіл өзгенің санасын аздыратынын білмей жүр ме, қалай?! Не істесе де, біздің қазақылық пен ар-намысымызға тиіспесе екен. Қазақстан көп ұлтты мемлекет, бірақ қазақтың жері, көп дінді халық, бірақ мұсылман елі. Дін түгіл тарихымыз бен салт-санамызда бір тамшысы жоқ бұл өнерге қазіргі жастар неге сонша құмар?! КешYou тобының «Қазақ қыздар» әніне түсірілген бейнебаяны баршамызды жағасына жармастырды. Қазақ қызы деген аты болмаса, түрлері мен әндері қазақтыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайды. «Қазан аттар қазыққа шырматылып,
Шабан аттар шалқақтап шапқан заман» демекші қой терісін жамылған қасқырдай «қазақ» атын жамылып масқаралап жүргендей.
2000-жылдары қазақ сахнасына «Орда» тобы шаштарын жалбыратып, батыс стильімен шыққанда халық таңырқап, ат тонын ала қашқан еді, 10 жыл өте келе ол топ та Жұлдызға айналды. Халықтың сол есірген билер мен әуенге еттері үйренгенін байқадық. Ендеше, тағы он жылдан соң жалаңаш қыздарымыз шығып, асыр сап жүрсе біз де күнделікті жай сияқты қабылдап, еш қарсылық танытпайтынымызға кім кепіл? Тілге тиек ететін КешYou тобынан өзге де топтар жетіп артылады. Тек «Қазақ қызымын» деп шырқап жүрген, қазақ тілінде ән айтатын қыздарымызға қанымыз қыз-қыз қайнайды. Сылқымдарға еліктеп, биін тамашалаудың аяғы қоғамның жаппай улануына апарып соқпайды ма?! Шет елдіктердің берген бес елі соры аз болғандай қазақ та өзін құртуға жанталасатынына қарамайсыз ба…
Өнердегі өмірлері мәнді болсын, тек нағыз өмір мәнінен жаңылмай, өзгені жаңылтпай түзу соқпақтан айнымаса дейміз. Тұнығымыз лайланбай, тамырымыз тұмшаланбаса, біз де «Дат айтып» налаланбайтын едік. КешYou қыздары мен жетекшісінің де өз білгендері бар шығар, сынаға да хақымыз жоқ, тек қазақтығымызға тиіспесе екен. Барша өнер иелерінің құлақтарына осылай алтын сырға таға отырып, шығармашылық табыстар тілейміз.

2 пікір

Kan
КЕшу тобы маған ұнамайды яғни кейінгі қайта жасақталған топты айтамын. Жартылай жалаңаштанып құр айқайлай береді. Мөлдір өзі қайда жүр кәзір көрінбей кетті ғой.
Delfina
Бұрынғы Кешю тобы күшті еді, киім үлгісі, майысқандарына дейін тартымды болатын. Ал мына топты әлі дұрыс зерттемеппін. Мөлдір болмаған соң ұнамай қалды -ау деймін осы)))
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.