Арал проблемасы, Арал мәселесі, Арал экологиясы

Қызықты деректер /
Үлкен Аралдың экожүйесi көз алдымызда өзгерiп жатыр. Қазiрге дейiн құрып бiтпеген жәндiктер жанталасып, артына ұрпақ қалдыру үшiн мутацияға түсуде. Бұл –тiршiлiк үшiн күрестiң нақты мысалы. Аралдың кеуiп қалған бөлiгiнен қазiр мұнай iздестiрiлуде. Сол маңдағы орыс ғалымдары Аралдың қазiргi ахуалы жайында мынадай жайттарды баяндап берген.

АРАЛ ТАРИХЫ
ХХ ғасырдың 40 жылдары КСРО Әмудария мен Сырдария өзендерiнiң суын егiске пайдалану туралы iрi жобаларды жүзеге асыра бастады. Бұл Орталық Азия республикасының экономикасын қарқынды дамытты. Бiрақ, 20 жылдан соң оның ақыры iрi экологиялық апатқа әкеп соқты.
60 жылдары Әмудария мен Сырдарияның суын шектен тыс пайдаланудың кесiрiнен Арал теңiзi сарқыла түстi. Әлемде көлемi жөнiнен төртiншi орын алатын көлдiң қырық жыл iшiнде үштен бiр бөлiгi тартылды. Тұздылығы 15 есеге артты.
1989 жылы Арал Үлкен және Кiшi Арал болып екiге бөлiнiп қалды. Қазақстан жағы 2005 жылы салған Көкарал дамбасы Кiшi Аралды Үлкен Аралдан бiржола бөлдi. Сырдарияның суы ендi тек қана Кiшi Аралға ғана құяды. Сол себептi де Үлкен Аралдың халi күннен күнге нашарлап барады. Тiптi, бiртiндеп құруға айналды. Алғашқыда Үлкен Арал екiге – батыс және шығыс бөлiкке бөлiнген. 2008 жылы Үлкен Аралдың шығыс бөлiгi толықтай кеуiп, тұзды шөлге айналды.
“АЛЫП ХИМИЯЛЫҚ РЕАКТОР”
Орыс ғалымдарының сөзiне қарағанда, қазiр Батыс Арал күштi химиялық реакторды еске түсiредi екен. Теңiздiң кейбiр тұстарында тұздылық литрiне 200 граммға дейiн жетедi. Осындай жағдайда теңiздiң табанына калций корбонаты мен магний, гипс пен мирабилит шөгуде. Оның үстiне, күкiрттi сутекпен улану қаупi төнген. “Аралдың батыс бөлiгiнен бұл құбылысты 2002 жылы алғаш рет байқадық. Теңiздiң суы табанынан бетiне дейiн бiркелкi емес – тығыздылық және тұздылық қабаттары әртүрлi. Жоғары бетiнде жеңiл әрi тығыз емес қабат жатыр. Бұл қабат өзiнен төмен жатқан қабаттардың атмосферамен өзара зат алмасуы­на кедергi болады. Қақпақ секiлдi ауа өткiзбейдi. Оттегiн жеткiзбей­дi. Төменгi қабаттарда ерекше анаэробты бактериялар өмiр сүредi. Олар органиканы, яғни, жан-жануарлар мен өсiмдiктердiң қалдықтарын шiрiтедi. Соның нәтижесiнде күкiрттi сутек түзiледi”, – дейдi Петр Завьялов.
Оның айтуына қарағанда, күкiрттi сутек аймағы Аралдың жартысын алып жатыр. Улы газ Арал суының 10-20 метр тереңiн­дегi төменгi қабаттарға түгелдей таралған. Салыстыра кетсек, Қара теңiзде күкiрттi сутек аймағы 150 метр тереңдiктен кейiн ғана басталады. Күкiрт қышқылы Аралда тым көп жиналған – Қара теңiздегiден 10 есе артық.
Осындай ортада тiршiлiктiң аман қалуы мүмкiн бе? Мүмкiн екен!
ТIРШIЛIК ҮШIН КҮРЕС
Ғалым Филипп Сапожниковтың айтуынша, Батыс Арал тiршiлiк үшiн жанталаса күресуде. Күрделi геохимиялық процестер аясында тiрi организмдер қауымдастығы таңғаларлық өзгерiске түскен. Қайтсе де, аман қалуы үшiн экожүйе жылдам эволюцияға түсуде. Рас, көптеген түрлер жойылып кеттi. Балықтар мен моллюскiлер бiрi қалмай қырылған. 2000 жылы жүрек пiшiндi моллюскiлер қырылып бiтсе, 2004 жылы Syndosmia segmentum атты түр жойылған. Осы жылдардың iшiнде Аралдың соңғы балықтары өлдi. Теңiздiң тұздылығы шектен асқанша камбала-глосс пен каспий атеринасы ақырына дейiн тiршiлiк үшiн жанталасты. Олардың орнын тұздылыққа неғұрлым көнбiс мақұлықтар басты. Олардың бiрi – Artemia partenogenetika атты кiшкене су шаяны. Бұл түр 1996 жылы Орталық Азияның тұзды суларынан ауып келген. Екiншiсi – диатомды балдырлар. Бұл балдырлар теңiздiң табанын жаулап алды. Батыс Аралдың түбiндегi диатомды балдырлар Жер шарындағы өзге теңiздерге қарағанда екi есеге дейiн бiтiк өскен.
ҚАҚПАҚ АСТЫНДАҒЫ ӨМIР
Бұл ғажайып организмдер жа­ңа ортаға ерекше тәсiлмен бейiм­делген. “Диатомды балдырлардың алдында тұрған басты мәселе – күкiрттi сутек. Мұндай ортада олар өмiр сүргенiмен, көбейе алмайды. Балдырлар тығырықтан шығудың да жолын тауыпты – жан-жағын полимерден тұратын мөлдiр пленкамен қоршау түзген. Осының арқасында олар фотосинтез жасай алады. Балдырлар өмiр сүретiн тереңдiкте жарық жеткiлiктi. Фотосинтез процесi кезiнде оттегi түзiлетiнi белгiлi. Оттегi манағы пленкаға енедi. Осылайша, диатомея оттегiне бай қабықпен оранып алған. Осындай микроортада олар көбейе де алады”, – дейдi Филипп Сапожников. Табиғатта микроорта жасаудың осындай ғажайып тәсiлi тек қана Арал теңiзiнде ғана кездескен.
Айта кетерлiгi, Батыс Аралдағы балдырлардың құрылысы өте қарапайым. Бұған қарамастан олар өзi өмiр сүретiн ортаға тез бейiмделуде.
ӘЛЕУМЕТТIК ТРАГЕДИЯ
Экологиялық апат, әмәнда, экономикалық және әлеуметтiк апатқа әкеп соғады. Қазақстан тер­ритория­сында Кiшi Арал маңында ахуал бiршама жақсырақ. Балық шаруашылығы күрт дамып, балық комбинаттары жұмыс iстейдi.
Ал Үлкен Аралға келсек, оның маңында адам қалмаған. Өзбектiң Мойнақ қаласы жағалаудан тым алыстаған. Жұмыссыздық ұдайы өсуде. Ауыл шаруашылығы құрдым­ға кеттi. Порт жабылған. Халқы ауру-сырқауға жиi ұшырайды, балалар арасында өлiм-жiтiм көп.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.