Мұхтар ШЕРІМ. СЫЛҚЫЛДАҒАН СҰРАҚ, БЫЛҚЫЛДАҒАН ЖАУАП

Сұрақ-Жауап сайты /
Сұрақ-Жауап сайты: Мұхтар ШЕРІМ. СЫЛҚЫЛДАҒАН СҰРАҚ, БЫЛҚЫЛДАҒАН ЖАУАПКезегім қашан келеді?
Қалалық әкімшілікте пәтер кезегінде тұрғаныма 90 жыл болды. Бірінші топтағы мүгедекпін. Кезегім әлі жылжыған емес. О дүниеге өзім жылжып бара жатырмын. Әкімге барсам, «Зират жақтан жер береміз» дейді… Не істесем екен?
Өлмесгүл Сорлыбаева.
ЖАУАП: Жер берсе, ала беріңіз, о дүниеге барған соң, жата бермей, «Біз де сіздердей болғанбыз...» атты кафе саласыз…

Қуалап жүрмін…
Бір танысыма мың долар беріп едім, бес жыл болды, қашып жүр… Ол қашады, мен қуалаймын. Не істесем екен?
Қуғанбай Қашқынбайұлы.
ЖАУАП: Қуаласпақ ойнағандарың құтты болсын!

Қашып кеткім келеді
Менің де Алматының бұрынғы әкімі Храпунов секілді жер біткенді сатып, шетелге қашып кеткім келеді. Қалай қашады?
Ойы АРАМОВ.
ЖАУАП: Қара бет болып қашады!

Кедеймін…
Битімді сығып, қанын жалап отырмын...Өте кедеймін. Қалай байып кетсем екен?
Кедейбек Кедейұлы.
ЖАУАП: Битіңіздің қанынан бояу жасатып сатсаңыз, байып кетесіз…

Алдын ала бергім келеді…
МАЙ инспекторларына алдын ала ақша беруге бола ма? Тоқтатпас үшін?
Қорқақбай Дірілбаев.
ЖАУАП: Оңбаған адам екенсіз!

Әйелім жүреді…
Құдай біледі, әйелім жүретін сияқты… құдай біледі… Күдіктенетін сияқтымын…
Күдікбай Түңілгенов.
ЖАУАП: Әйеліңіз жүрмегенде, еңбектеуі керек пе енді? Аяғы болған соң, жүреді де…

Жеп қойдым…
Жемейін десем де жеп қоя беремін. Жол құрылысы бастығы едім, асфальт жедім, үй құрылысы бастығы едім, цемент, тақтай, кірпіш жедім… Қорқамын… Ұсталып қаламын ба деп. Енді не істейін?
Жегішбай Жемқоров.
ЖАУАП: Аузыңызды ине- жіппен тігіп тастаңыз…

Қалай қол жеткіземін?
Аудан әкімі болғым келеді. Қалай қол жеткізуге болады?
Креслобай Қызыққанов.
ЖАУАП: Аудан әкіміне жолығып, амандассаңыз, қолыңыз қолына оңай жетеді ғой.

1 пікір

satirik92
Әдемі! Оңдырмай шағыпсыз. Жиі салыңызшы жазбаларыңызды. Өтініш.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.