Нұрлан Албан: Биыл да жеңістен үміттіміз

Медиа Центр /
Медиа Центр: Нұрлан Албан: Биыл да жеңістен үміттіміз15 ақпан күні еліміздегі ең танымал телевизиялық шоулардың бірі – «Қазақстан дауысының» ақтық сыны болады. Қазіргі кезде әр жексенбі сайын, 21.00-де «Қазақстан» ұлттық арнасының тікелей эфирінде қызу тартыс жүруде. Миллиондаған көрермен көз тіккен шоудың жеңімпазы 5 миллион теңге мен әрине халық махаббатына ие болады. Жоба басталғалы бері Қазақстан мен шетелдерден келген мыңнан астам үміткердің ішінен әділқазылар 200 адамды іріктеп алған еді. Қазіргі кезде әр тәлімгердің тобында 4 адамнан қалған. Олардың арасынан іріктелген 4-ақ үміткер ақтық айқаста бақ сынайды. Ең үздікті халық sms дауыс беру арқылы таңдайды. Қазіргі кезде телешоудың ең қызған кезі. Кім жеңеді деп экранға көз тіккен ағайын өз сүйіктілеріне дауыс беруде. Қай үміткер жеңеді, тартыс қалай жүруде, кім үздік? Өткен аптада телешоудың дайындығына қатысып, төрт тәлімгердің бірі, белгілі әнші Нұрлан Албанмен сұхбаттасқан едік.

— Нұрлан, жеңімпазды анықтайтын күн таяу таяу, көңіл-күйіңіз қалай?

— Шыны керек уақыт, сын сағаты жақындаған сайын жанымызды шүберекке түйіп отырмыз. Жауапкершілігі мол, толқитын кез. Басқа әріптестерім қалай екенін білмеймін, менің осымен екінші жыл, жоба аяқталуға таяғанда құтым, берекем қашып кетеді.

— Жобаға бар күшіңіз бен уақытыңызды арнап жатқан сияқтысыз?

— Иә, қазір бар дүниені жиып қойып, бар күш-жігерімді осы жобаға ғана арнаудамын. Кім шыққан тауының биік болғанын қаламайды?! «Балаларым» көрерменнің назарына ілігіп, елге еленіп, жеңіс тұғырына шығып жатса ол менің ғана еңбегім емес. Сондықтан «балаларым» халық ықыласына бөленеді-ау деген үмітпен, елдің ақ баталары қабыл болып, бағы жанып кетсе деп дұға етумен жүрмін. Бәрін шешетін көрермен. «Үмітсіз шайтан». Үмітім жоғары.

— Демек, Нұрлан Албан биыл да жеңімпаздар менің тобымнан шықса деп тілейтін сияқты...

— Әрине, міндетті түрде. Достарым қалжыңдайды «сен ұяттан жұрдай болып биыл да алып кетіп жүрме, биылғы жылы бізге берсеңші» деп. Мен неге жылда жеңбеске деймін. Құдай аузыма салып жатқан шығар. Әркімнің жеңістен үміті бар. Мен де сондай пендемін.

— Жақсы, үміт бар. Тобыңызда қалған төрт үміткердің қайсысы жеңіске тұғырына лайық?

— Мен ешқашан балаларымды бөлген емеспін. Өйткені Аллаһ нәсіп етіп, осындай қыз-жігіттерді берді. Әрқайсысының орны бар. «Сен тұр, мен атайын» деп тұр. Бәріне сақадай сай үш жігіт пен қазақтың сүп-сүйкімді бір қызы — төртеуінің де өнерге алып келіп жатқан лебі бар. Әрқайсысына тілеулеспін. Қайсысының бағы жанатынын көреміз. Жеңімпаз болмағандарының да болашақта жерде қалмайтынына сенімдімін.

— Жобаның ерекшелігі деп нені айтар едіңіз?

— Жобаның ерекшелігі сол — бұл жерде дауыс әділ бағаланады. Көрермен куә төрт тәлімгер де кімнің айтып жатқанын көре алмаймыз. Тек дауысын естіп таңдау жасаймыз. Орынды сатып алу, «бай байға, сай сайға құяды» емес, ең үздік көпшіліктің берген дауысы арқасында оқ бойы озық шығады. Бұл жобаны музыканы жан-тәнімен сүйетін, музыкалық сауаты бар, осы бағытта жұмыс істей алатын, тәжірибесі мол мамандар ұйымдастырып жатыр. Сондықтан, «Қазақстан дауысы» тележобасының деңгейі жоғары. Теледуманның ұйымдастырылуы, шығармашылық топтың қатысушыларға және тәлімгерлерге ықыласы ерекше. Өзім бұл думанның басы-қасында жүргеннен кейін сеніммен айта аламын. Дәл осындай бағдарлама қазақ телевизиясы тарихында бұрын-соңды болмаған.

— «Қазақстан дауысының» отандық әншілік өнерді, шоу бизнесті дамытуға қаншалықты ықпалы бар?

— Бұл жобаның шыны керек жас орындаушыларға, ән әлеміне ғашық басқа орындаушылардың қанаттануына, әншілік ортаға қосылуына үлкен себебін тигізеді. Мұның айғағы былтыр жобаға қатысқан жас әншілер қатарымызға келіп қосылып жатыр. Бұл жобаны жасаған адамға үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Эфирінен көрсетіп жатқан біздің Ұлттық арнаға, жобаны түсіріп жатқан әріптестерімізге рахмет айтқымыз келеді. «Қазақстан дауысына» біраз жастарымыз қатысып, қанаттанып жатыр, қаншама жастарымыз осыны көре отырып, ән әлеміне деген сүйіспеншілігі артып жатыр?!

— Мысалы, былтырғы теледуман Шахризатты танытты...

— Жаңалық оқитын ел-жұрт біледі, Шаһризат құдайға шүкір көзге көрініп жүр. «Қазақстан дауысындағы» жеңістен кейін бір бейнеклипін жарыққа шығарды. Телеарналар арқылы жұртшылыққа ұсынды. Қазір екінші клипін түсіруде. Оннан астам әні бар. Жеңістен кейін өз туған өңіріне барып, облыс орталығынан бастап, аудандарды аралап концертін қойып келді. Алматыға толығымен қоныс аударды. Қазір «Жұлдыз Fm» радиосында музыкалық бағдарламаны жүргізеді. Күнде таңертең Шаһризаттың даусын естуге болады. Ол аз десеңіз, Қазақ Ұлттық университетіне ұстаздық қызметке тұрды. Нағыз жеңіс деп осыны айтуға болады. Тәй-тәй басып, алға жылжып келе жатыр. Менің жақсы жағымды берсе екен деп едім, шүкір орындалып келе жатыр. Бұл да жақсылықтың бастауы шығар. «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» демекші бәрі ақырындап орындалуда. Ертең Шаһризаттай қазақтың азаматы еңбегін елге сіңіреді деп сенемін. Бұл да «Қазақстан дауысы» жобасының жемісі.

— Сұхбатыңызға рахмет. Сәттілік тілеймін!

«Қазақстан дауысы» тележобасын әр жексенбі «Қазақстан» ұлттық арнасының тікелей эфирінен 21.00-де көре аласыздар. Жеңіс мәресі жақындаған сайын қызу тартыс жүруде. Жіберіп алмаңыздар!

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.