Жанарыма тәубе тамшысын үйірді....

Ақ парақтағы ойлар /
Армысыздар, Айтаберлік айтары бар достар! Осы жақында ғана басымнан өткен бір жағдайды сіздермен бөліскім келеді. Мүмкін сіздерге де берері болып қалар…
Биылғы жазғы демалысымды ауылымда, ата-анам мен бауырларымның ортасында өткіздім. Жаздың шіліңгір аптабында үйден қарыс қадам аттап шығу да мұң. Түскі шайымды ішіп бөлмеме саябырлап кіргенім сол еді. Бүгінгі жастың екінің бірі айналдырған агентінен мен де алшақ емеспін. Ұялымды қолыма алып, күніне бір бас сұқпасам асым бойыма дарымайтындай агентімді қоссам, бір таныс жігіттен «Салем Салтанат» деген хабарлама келіп түсті. Осы жігітті мектеп кезінде ерекше ұнататын едім. Өйткені, өз ортасынан мүлде ерек жан. Үнемі күліп жүретін, шыдамды, әрі ашуланып, қызбалыққа салыну деген қасиеттердің не екенін білмейтіндей. Ұстаздар да өзгеше ынтамен қарайтын.
«Аллах сүйген құлын ерекше сынайды» деген сөздің шынайылығына менің бірнеше рет көзім жетті. Міне, осы жолы да солай болып отыр. Олай айтқан себебім, болашағынан зор үміт күткен жігіт ата-анасының жүзіне ерте әжім түсіріп, бүкіл ауылды қайранға салдырып, бір күнде төсек тартып қалды. Оқуын енді тәмамдап, ата-анасын ақ түйенің қарнын жарар уақытқа жеткізер орнына әке-шешесінің жанарына қайғы жасын орнатты. Баласы аяқтан тұрып кетер-ау, кешегідей шауып жүріп, өз бақытына қол жеткізер деген дәмелі үмітпен ата-ананың сүйремеген жері жоқтың қасы. Жақында Астанаға барып келді. Бәлкім, бұл жәудіреген қаншама көздердің соңғы үміті де болар-ау…
Иа, негізі айтарым бұл емес-тін… жаңағы жігіттің анкетасына кіріп, суретін ашып қарағанда бүлінді ғой мына кеудедегі тыныштық. Ақ майкамен ақ тысты төсекке таңылып, темір тақтайлы кереуеттен басқа мекені, төрт қабырғадан өзге тұрағы жоқ жаннан мұндай биіктікті күтпеген едім…
Аяқ-қолымыз аман мына біздер, тағдырдың кішкене ғана тікені кіре қалса жер әлемге лағынет айтып, ағын суды лайлап, төрткүл дүниеге қарғыс жаудырып, тозып бітер ме едік, кім білсін?!.. Белден төмен қимылсыз жатса да, қолымен «бәрі керемет» деген ишарасы, көзінде сабыр мен өмірге деген махаббаты, езуіндегі сол жымиысы мына жан жүрегімді жылытып жіберді. Жүйкем босап, көзімнен еріксіз тәубе тамшылары тамғанын аңдамай да қалдым. Екі жылдан бері тағдырдың теперішіне көніп, аурухананың иісінен өзге, ақ халаттылардан басқа мамандарды көрмеген мына жанның жанарынан қаншама мақсат-тілектерді оқығандай болдым. Оның есімінің өзі Мақсат қой. Ата-анасы өздері бағындыра алмаған заңғарға жетсін, мәрелі мақсаттарының орындаушысы болсын деген ниетпен қойған да болар.
Мақсаттың әрбір жазған хаты жанымды егілдіре түсті. Мен дені сау жаннан көрмеген сабырлық пен сондай мейірім… Жігіт баласынан сезінбеген ерекше ілтипат пен ағалық ықылас… Көпті көрген данагөй ақыл мен жанашыр жанның сөзі… Осынша мың түрлендіріп тұла бойымды кернеп алған осыншама сезімді жанымда жүрген ешбір жан сездіре алмағанда, ұялы телефонның арғы бетінде төртбұрыш қорапқа үңілген жанның адами қасиеті ұғындыра білді. Сөз кезегі таянғанда «Салтанат, сен үшін сондай қуаныштымын...»-деді. «Ол қандай қуаныш?» — деген сұрағыма, «сөз жеткісіз шексіз қуаныш...» — деді. Осы сөздің салмағы менің расында бақытты екенімді нығарлай түсті… Иа, Бақыттымын… Өйткені, ең басты байлығым бар…
Біздейлерді тәубесіне түсіру үшін, солардай жандарды тәубешіл еткен Аллахтың күшіне бас имеске болмайды. Және сол жігіттің азабын азайтып, қуанышын еселеуді тілемеуге тағы болмайды. Бар-жоғы 24 жастағы жанып тұрар шағында күлге айналған гүл ғұмырлы тағдырдың бақытын шын жүрегіммен тіледім… Жүзімді құбылаға бұрып, басымды сәждеге ұрғанда… Жаратушы Хақтан!..
(23/08/2012ж Күнделіктегі жазбадан)

10 пікір

Karakulov
Жақсы жазыпсыз, сөздерді де жақсы таңдай алады екенсіз/өзіммен салыстырып айттым/
Бас жағында «таусылмайтын махаббат» па десем, шүкіршілікті сөз еткен екенсіз ғой. Келесіде осы сынды мақала жазғыңыз келсе басты кейіпкер ой-пікірін кеңірек, толығырақ жеткізсеңіз екен, үлгі алушылар табылар.
Ademi
Негізі деп бастайтын жаман әдетім бар кез келген әңгімені
Мұндай адамдар өздерін қалыпты адам деп санайды, ал біз болсақ «мүгедек» деп кемсітеміз.Олардың ішкі «мені» біздікінен әлдеқайда мықты, әлдеқайда төзімді. Өмірге басқаша көзқараспен қарайды. Біз сияқты тамақ жейді, тыныс алады… оларды аяп, басқаша көзқараспен қарау — керісінше, оларды тұмшалаумен тең!
sezim_seli
Аяу сезімі артықтау шығар, өйткені өз халіміздің аяушылыққа жетері қас пен көз арасында ғой. Аллахтан күтейік аяушылықты…
Korkem
Бәрін жұмбақ күйі қалдырыпсыз. Неге ол жағдайға түскені толғандырып тұр
sezim_seli
Бұл күйге түскені де жұмбақ болып отыр. Ауруының себебін ешкім де білмейді…
Kan
Сезім ақылыңнан айналайын! Алла сені де сенің досыңды да жаннаттық етсін. Алһамдулла
sezim_seli
Амин!!! Айтқаныңыз келгей, Аға!!!
Kan
Сезім тәубені шүкірдің орнына ауыстырып айтып жүрген жоқсын ба?
sezim_seli
Екеуі де бар… Ол ішімде қалсын…
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.