Бүгінгінің Онегиннің хаты

Таусылмайтын махаббат /
Махаббат адамдарды кейде өзі білмес көзсіз ерліктерге бастайды ғой. Бүгін тағы куә болып отырмын. Ертеде сезімді серік, сағынышты жолдас қылған жүрекжарды хаттар екі ғашықтың жан жарасының жазылуына себепші болушы еді. Ынтыққан қос жүрек бар арман-тілегін аппақ қағаз бетіне өрнектеп, шерменде болған махаббаттың бар шерін тарқатушы еді. Бүгінде сол сарғайған қағаздар көзден ұшып, көңілден кетіп бара жатыр. Жан-дүиесін алақандай ғана ұялы телефонның смс-і мен агенттің аясына сыйдырған «хаттар» сол қағаздың орнын басты. Ондағы жазылған дүниенің рас-өтірігін кім білсін?
Қазақ қызы! Бүгін сол дәстүрді қайта жалғап, өшкенімді жандырып, өткенімді қайтарғандай болдың. «Асылдың сынығындай» болған газет бетіне мөлдір сезіміңді сыр қылып ақтарып жазыпсың. Оқыдым. Оқыдым да Онегинге лебізін білдірген Татьянадай өзіңе тәнті болдым. Қайсарлығың мен намысыңды жібектей нәзік сезімнің айналдырып шеберлігіңмен жан-дүниеңді білдіргенде нағыз қазақ қызын тағы да мойындағандаймын. Құралай көз, еліктей еркелеген ару көз алдыма келгендей болды. Сол сәтте-ақ сендік болған ер жігіттің бағы жанған шығар дедім. Ақ жүрегіңнің қақпасын маған ашқаныңа рахмет. Мендік қақпаға жол салғың-ақ келеді екен. Тек, қалқам, кілті бар қақпаны соқтың-ау. Кілтімен қоса құлпы да, құпия сөзі де өзге жүректің сандығында сақтаулы. Қайтейін, қалқам, кешіктің – ау…
Таза көңіліңді былғап, жаныңа жара салғым-ақ келмейді. Қауқарым жетсе сен қиналмас үшін қолымдағының бәрін берер едім. Тек қиядағыны сұрағаның-ай… «Сені саналы да салмақты түрде шын жақсы көремін» деп едің ғой. Маған арнап жүрегіңді гүл қылып, талай жауһар жырларды дүниеге әкелгенсің. Көз жанарың маған үнемі « сені сүйемін» деп тұрушы еді. Айтқан әр сөзің есімде. Тек сенің сол сезіміңе жауап қайтара алмай отырған жайым бар. Сыйым да, сыйластығымды әрқашан дайын. Алайда мендік жүрек сендік бола алмайды. Жаныма сүйеу болған өзгенің қарамағына өткелі қашан? Кінәлама, ұқ мені! Ренжіме маған! Бұл қылығыңмен маған баға жетпес сый жасағандай болдың. Тек сұрағаныңды бере алмай қара басып отырмын. Кеудеңнен жүрегіңді суырып бер демесең, қолдан келер шара жоқ. Сен ынтығып, естігің келген сөзді қуана ақтарар едім. Қайтейін, өзіме әмірім жүрсе де, жүрегіме әмірім жүрмейді. Ол сөзді өзгеге арнап қойдым.
Осыны оқығаннан кейінгі халіңді сеземін. Мені тек махабаттың буына мас болып, қызығына батып жүр екен деп ойлама. Ол құдіреттің азабы мен қайғысын да қатар көтергенмін. Сондықтан сені түсінемін. Бәлкім самал желге мұңынды шағып, діңі қураған ақ қайыңдай ешкімді көргің келмей отырған боларсың. Әлде «сені ұмыттым» деп сырлы әлеміңнің қақпасын тарс жауып тастаған да шығарсың. Жабырқама да жасыма, жарқыным. «Сом алтыннан соқса — дағы ескерткіш, сол атаққа татитын» қазақ қызысың ғой. Сыршыл бейне, жыршыл жүрек өз тұғырын табар әлі-ақ. Мен сен үшін асқар тау Алатау болсам, сенің биіктігің шыңын қар басқан Гималайдай. Бүкіл әлем аударылып түсіп, махаббат деген қатыгез жанды жан-тәніңмен жек көріп жатқан шығарсың. Олай болуы да заңды. Сенің емшің-уақыт. Ол бәрін де ұмыттырады. Бәлкім, мені де…
Ішкі әлемің жарқыраған айнадай, қос жанарың тек қуанышты көру үшін жаралғандай. Ал жас жүрегіңнің жылулығы нұрдың шуағынан нәр алғандай. Сендей жанның Меңтайдың Ерболындай өз бақытын кездестірмеуі мүмкін емес. Сендей жанды өз өмірімнен сызып тастағым-ақ келмейді. Өзіңе деген адал достық жүрегім әрқашанда ашық.

1 пікір

maulen
Кете барғын артыға қарама да,
Мен өзгенің әлемін еншіледім…

Жер басқан жұмыр пенделердің әр қайсысы өзінің іс-әрекетіне үлкен жауапкершілікпен қараса ғой. Әрине, аш адамның хал жағдайын тоқ адам түсіне алмайды ғой. Бізге түсіну қайда…
Соңғы өңделген уақыты:
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.