Саф өнер-сахна өнері, Аз ба? Көп пе театрдың берері?!

Өз ойым /
Табиғаты да тылсым, ауа-райы да сәт сайын ауысатын Алматының әр кеші көңілді. Бүгін 7 наурыз. Ертең мен үшін, жалпы қыздар үшін ең айтулы күндердің бірі. Күн көзі жарқырап тұрғанымен, түс ауа Аллаһтың нұры жауды. Ол ғана емес жаңбыр арты қарға ұласты. Күн сәтті басталып, өте көңілді аяқталды.Күннің қорытындысы ретінде М.Әуезов атындағы Қазақ Академиялық драма театрына бас сұқтық. Бүгін театрда «Сыған серенадасы» сахналанды. Екі сағаттық қойылым 15-20 минут кешігіп барып, көрерменіне жол тартты. Жауған жаңбырға қарамай, қойылымды тамашалауға келген жұртты көріп көз сүйсінеді. «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші атамыздың өмірінен сыр шертетін мюзикл қонақтардың көңілін бір сергітіп тастағандай. Бірнеше күн бұрын ғана телеарналарымыздың бірінен театр тақырыбына қатысты сюжет көрген болатынмын. Сюжет соңы бүгінгі күні халық театрға аз барады, қызығушылығы төмен деген тұжырыммен түйінделген. Таласты тұжырым?! Олай деуіме себеп те жоқ емес. Мен театрға бір айда ең аз, бармадым дегенде үш мәрте бас сұғамын. Қай қойылым болмасын залдың толмай отырғанын көрген емеспін. Балконның кей қойылымдарда ашылмайтынын жасырмаймын. Бірақ, телеарналарымыз тілге тиек еткендей халық театрға қызықпайды дегенге еш негіз жоқ деп ойлаймын. Тек драма театрда ғана емес, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының залы да барлық уақытта халық қарасына толы. Ал, әр премьераға жұртшылықтың мол жиылатынын айтпасақ та баршаға аян. Бірнеше адамнан алынған сауалнамамен сараптама жасалмаса деген тілек туындайды осындайда. Неге сауалнаманы театр маңынан алмасқа? Шын көрермен қашан да театрға жақын жүрмей ме?! Қалай десек те, театр көрерменге тапшы деуге келмес. Бірақ, қойылымның сапалық тұрғысы турасында олай деу қиын. Барша қойылымды мінсіз деу бос мақтан. Қойылымның көрермен жүрегінен орын алуы үшін әрбір актердің үлесі зор. Киім, сахна сәні, қосалқы рольдегілердің көмегі барлығы да маңызды әр қойылым үшін. Бірақ, бірнеше сахналанған туындылардың көңіл толмас тұстарын атап өтсем.

-Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында болған «Балкон». Жастар жайлы ой саларлық астарлы комедия. Әсерлі, көрерменіне айтары бар дүние. Бірақ, басты рольдегі қыздың тым жабысқан кимінен жалаңаш тәні жарқырап тұрғаны ұят-ақ.
-Осы қара шаңырақтағы тағы бір драма жайлы… «Тұншыққан сезім»-бір қыздың басынан өткені мен өмір өткелі жайлы туынды. Ой салады, күлдіреді, жылатады. Құны қашқан махаббат жайлы. Актриса мұнда да теріс қарап алып, көйлегін ауыстырып жатады. Бұл да көңілге жағар көрініс емес.
-Сыған қызы жайлы «Карменсита» да осы тізімде. Бір емес-ау бірнеше бей әдеп тұстары бар бұл шығарманың. Карменді қанша махаббатты аңсаған, асау қыз десек те тым асырып әдепсіз ету керек емес шығар. Сығандар өмірі екен деп, өз қазағымызға көрінгенмен көңіл қосатын қызды дәл осылай көрсету дұрыс па?

-Ал, «Күйеуіңізді сатыңызшы» атты М.Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театрының тамаша комедиясы бар. Ащы әзілге құрылған сценарий отбасылық түйткілдер турасында сахналанады. Күліп отырып, жылайсың. Бүгін де шынайы өмірмен сабақтасып жатқан проблемаға басқаша көзбен қарап, саралайсың. Жас отбасыларына, жалпы жанұя бірлігін сақтағысы келгендердің санасына сәуле шашар туындының бір көрінісі көңілге жат. Басты рольдегі актер бір жерінде әйел адамның іш киімін(төске таққыш) қолына ұстап, лақтырады. Баршаға ап-айқын көрінеді ол…

Осы және басқа да сахналық дүниелердің сәнін бұзатын сәттер азайып, қойылым сапасы бұдан да артса екен дейді көрермендер. Бірақ, Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Эротика сахнаға шығып жатса, несі бар? Жеңіл эротика әрқашан да көрермендерге де, актерлерге де қызық деп ойлаймын», – деген пікір білдірді. Қызығы қызық шығар-ау. Сонда жастар тәрбиесі мен сахна мәдениеті қайда қалады? Мектеп жасындағылар театрда көргенін көңіліне түйсе ұят қайда қалады???

Әрине, белгілі бір сыншы болмағандықтан сын айту да ыңғайсыз екен. Дегенмен, қойылымның барлығы көрермен үшін сахналанып жатыр. Көрермендер қауымының өкілі ретінде өз ойымды айтуға құқым бар онда. Мейлі сахнаға шықсын делік осындай қойылымдар. Бірақ, театр қызметкерлері билет сатқанда не афишада жас ерекшеліктерін ескеріп, ескертіп айтса екен деймін. Сонда бәлкім, іні-сіңілімізбен барған қойылымды қызықтау барысында қызарып, ұялмаспыз. Ал, үлкендермен барып жатсақ, көзіміз жер сүзіп, жанарымыз сүрініп, қызара бөртпей тамашалармыз актерлер ойынын.

Бірақ, тек театр ұжымын, актерлер құрамын ғана кінәлаудың өзі ұят нәрсе. Әр көрермен сахнаға сапалы дүниелер ғана шығуы үшін үлес қосуға міндетті. Ол үшін қойылымдар қара шаңырағына барып, көріп қайту жеткіліксіз. Арыз-шағым кітапшасына пікір жазып, ұнамаған тұсын түртіп отыруы керек. Мәдениеті мен өркениеті дамыған елдерде театр ерекше бағаланады. Олай болса саф өнер-сахна өнері екенін ескеріп, театрға барайық, санаға ой сіңіріп, тәлім-тәрбие алайық, рухани байлықты өсірейік...

4 пікір

maulen
semser_soz Сенімен келісемін! «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, шынымен де осындай кемшіліктер ескеріліп түзеліп жатса, нұр үстіне нұр болмақшы…
semser_soz
Иә, әрине… Театр ол қашан да көші биік өнер ордасы ғоооооооооооой))
korwinin_kyzy
рухани байлықты өсірейік...
уверинсин ба? СЕНИН ОЙЫНША РУХАНИ байлықты театрга барып осириме?
semser_soz
Иааааааааааа, сенімдімін… Театр рухани дамуға керек болып табылады… Бірақ, жалғыз театрға барып шықпай қой деп тұрған жоқпын ғооооооооооооооооой...
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.