Келесімшарт негізіндегі әскери қызметті неге қолдайсыз?

Өз ойым /
Қазақстан әскеріне қатысты болып жатқан өзгерістер туралы жұрт не ойлайтынын білмек болып, интернеттегі танымал адамдардың кейбірінен "Қазақстан келісімшарт негізіндегі әскери қызметке өтіп жатыр. Осы жобаны қаншалықты қолдайсыз немесе қолдамайсыз? Неге?" деп сұраған едім. Дені қолдайтын болып шықты.

Серікқазы КӘКІБАЛАНОВ,
Ұлттық Интернет ассоциациясының президенті


Әскери қызмет келісімшарт негізінде болғаны дұрыс деп ойлаймын. Әскер деген ел қорғаны. Ал әскерге саналы түрде шешімге келген, өзін барлық жағынан мықты санайтын азамат бару керек.

Мен 1995-1997 жылдары әскерде офицерлік қызметте болдым. Қазір әрине көп жағдай түзелді ғой, Құдайға шүкір, бірақ ауылдан шығып көрмеген жас балаларды бірден әскерге әкеліп тыға салу, кей кезде трагедиялық жағдайларға соқтырып жатады. Ол біреудің жалғыз ұлы немесе баласы болуы мүмкін. Сол себепті де армияға барғысы келген адам өз еркімен баруы керек.

Құдай бетін ары қылсын, бірақ ел басына күн туса, барлық еркек кіндікті ешқандай жағдайға қарамай атқа мініп ел қорғауы тиіс!

Өркен КЕНЖЕБЕК,
«Хабар» Агенттігі Бағдарламалар өндірісі дирекциясының шеф-редакторы


Қазақстанның Қарулы күштері 2016 жылға қарай толықтай жалдамалы әскерден тұратын болады. Қорғаныс министрлігінің басқа-басқа, дәл осы жоспарының дәйектілігіне қатты сенемін. Себебі, қазірдің өзінде келісім-шартпен қызмет ететін әскерилердің үлесі 65 пайызға жетіп қалыпты. Сондықтан, бұл біз қаласақ та, қаламасақ та әлемнің беті бұрылған бағыт. Және жедел әскерге қарағанда артықшылықтары жетерлік.

Мысалы, келісім-шарт арқылы әскерге барып, оқуыңа түсіп, шенін көтеріп дегендей әскери карьера жасау оңай. Келісім-шарт арқылы алынған әрбір әскери жақсы ақы, жайлы пәтер алып жатса, бұдан кейін қоғамымыздағы әскерилердің мәртебесі қалай көтерілмессін. Ал әскерилер мен тәртіп сақшыларының биік мәртебесі, олардың қызметіне деген құрмет — күшті мемлекеттің көрсеткіші.

Содан кейін әйтеуір борышымды өтесем, әскери билет алсам деп желкілдеп келген жастардан гөрі осы саланың ыстық-суығына төземін деп бел шешіп саналы түрде келген кәсіби әскердің болғаны әрине жақсы. Былай да, былай қарап отырып, келісім-шарт негізіндегі әскерден тек жақсы белгілерді байқап отырмын.

Фархат ТАСТАМБЕК,
Қазақ мектеп-гимназиясының "«Болашақ журналистер» клубының жетекшісі
Қызылжар қаласы (СҚО)


Менің жасым 24-ке таяп қалды. Шынын айту керек әскерде болмағанмын. Бұл парыздан қашып жүргенімде жоқ. Дегенмен ел басына күн туса(құдай бетін әрі қылсын әрине) қолыма қару алып, Отанымды қорғауға қай уақыттада әзір екеніме өзіме өзімнің күмәнім жоқ.

Әскерге не үшін барады дегенге тоқталсақ, менің ойымша көбі Отан үшін емес, әскери билет үшін барады. Әскери саладағы бұл өзгеріс ең алдымен осыны жөнге келтіреді деп ойлаймын. Бір жағы бейберекетсіз әскерге әкетуге шектеу қойылады.

Әскерге талай жолдасым барып келді. Олардың әрқайсысынан «Борышын қалай өтеп келгенін» білу біз үшін қызық болатын. Сол кезде айтқандарынан бір жылын босқа өткізіп келгенін ғана түсінетінмін. Әскери билеттері сандықта сарғайып жатқандары да қаншама.

Соңғы кездері дипломы барларды көбірек әскерге шақыртып жатыр дегенді де естідік. Енді ойлап қарасақ, білімді азамат әскерде бір жылын өткізіп келгеннен кейін, тағы бір жылын жұмыс іздеуге жұмсайды. Бір жыл аз уақыт емес. Осы аралықта ол бар білгенін ұмытып қалуы да мүмкін.
Әскерге шақыртылғанна соң, борышыңды өтеуден бас тартуға болмайды. Ал шақыртылған адам әке-шешесінің жағдайын жасап отырған жалғыз баласы болса ше? Сондықтан қалауы бойынша әскерге барып, және сол үшін жалақы алып отырса, бұл дұрыс бастама болады деп ойлаймын.

Ал сіздің пікіріңіз қандай?

3 пікір

semser_soz
Мен негізінен осы бастаманы қолдаймын. Әскерге бармағанмын, сонымен қатар әскерге баруға да міндеттелмейтін жандар қатарынанмын))) Қазіргі әскердегі ахуалдың қандай екенін оқып та, естіп жүргендіктен әскерге барам деп деп құлшынып тұрғандар ғана барғанын құп санаймын. Онсыз да ерлердің саны әйел адамдардың санынан аздау. Әскерге тірі апарып, отбасына өлі жеткізгеннен гөрі осы дұрыс. Ал Аллаһ бетін ары қылсын соғыс бола қалған жағдайда біздің қазақ жігіттерінің қару асынып, елін, жерін қорғайтынына сенемін!!!
Соңғы өңделген уақыты:
Kan
Әрине саналы адам бұл істі қолдайды. Тариха көз салсақ кез-келген мықты мемлекеттің әскеріде мықты болған. Казіргі таңның өзінде әскери мықты мемлекеттің бірі АҚШ. ал ол мемлекетте әскери қызметте бырыңғай жалдамалы сарбаздар. Жалдамалы сарбаздың артықшылығы неде дейсіз ғой.
Біріншіден:әскери саланы мамандық етіп алған соң әр сарбаз өз ісін жетік білетін болады.
Екіншіден: Физикалық тұрғыдан ауыспалы әскерден қарағанда үнемі дайындалып жүрген соң әлде қайда мықты болады.
Үшіншіден: Бос жүрген көп жастарға жұмыс болады.
Артықшылығын айта берсең жетіп артылады. Егер мемлекеттің жоспары толық жүзеге асып бырыңғай жалдамалы әскер құралатын болса. ҚР қарулы күштерінің сапасыда, салмағыда асар еді.
еліміз тыныш болсын. Айтседе сақтықта қорлық жоқ. «Жау жоқ деме жау жар астында» деген емес пе.
Jako
Осы бір тірлік менің көңілімнен шықпайды. Ертеңгі күні ел басына күн туып бүкіл қазақ азаматтары атқа қонатындай (Алла одан сақтасын) күн туса, санаулы ғана ақылы әскер қатарында болғандар кәсіпқой әскерлер есебінде қинала қоймас, машықтың аты машық қой, ал жалпы қару ұстап көрмеген жастар Отан қорғауға қатыспай ма, қатысса еш дайындық көрмегендер тағдыры қалай болады? Міне осы үшін әр бір ден-саулығы көтеретін, он сегіз жасқа толған ер-азаматтар үшін міндетті бір жылдық болса да әскери қызметтен өту дұрыс деп ойлаймын. Бұл өз өмірінің үш жылын міндетті әскери қызметке берген, және оған еш өкінбейтін бұрынғы морпехота сарбазының ойы.
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.