Жаралы ән

Өзіңе деген лебізге мән бергейсің,
Қайтем жаным сезімімді сезбейсің.
Маған деген әңгімеңе наз қосып,
Нәп-нәзік ренішіңмен тербейсің.

Жаялығы жырдың ойда жиылмай,
Көруші едім Құдай берген сыйымдай.
Өткінші емес,өліп-өшкен адамның,
Мен бейбақты сүймегені қиын-ай.

Саған деген сөздерімді ән қылып,
Айтайыншы,құлақ сал да жанды ұқ.
Сен сүйгенмен ол сүйместің кері ғой,
Бәлкім бұл да махаббатта заңдылық.

Ғашық жанын кім түсіне алмақ шын,
Сөздеріңде зілі басым салмақ-сын.
Бір сөзімнен мүлт кетіп жаңылған ем,
Бар ызалы сөздеріңді арнапсын.

Ғашық сезім көңіліме гүл екті,
Емес едім бос сөздерге тым епті.
Алдыңдағы адамды кешірместен,
Не табасың қинағаннан жүректі.

Уа, бүгінім
Мұң-зарымды тонай кет,
Ертең болып шат-шадыман
Солай жет.
Сен жүрегім сәл ойлан да, қамықпа,
Кім айтты
Бұл өмірді оңай деп.

*** *** ***
Тереңіне бойлай алмас су тағдыр,
Тылсым-ағаш адасатын ну тағдыр.
Сезімімнің бақытын құшқан кезде,
Жалт беретін қу тағдыр-ай, қу тағдыр.

5 пікір

Jako
Сен жүрегім сәл ойлан да, қамықпа,
Кім айтты
Бұл өмірді оңай деп.

Жақсы өлең, тамаша.Өкініш, сүйген жанын түсінуге талпыныс, сезім,өз-өзін сабырға шақыру үйлесім тапқан.
Albina97
күшті өлең қатты ұнады!!! биіктерден көріне беріңіз!!!
yesbolat83
Сен сүйгенмен ол сүйместің кері ғой,
Бәлкім бұл да махаббатта заңдылық.
Сен біреуді өліп-өшіп сүйесің, бірақ, ол сені ол сүймейді. Сүймек түгілі сезіміңді де сезбейді. Расында да бұл махаббат заңының тармақтарының бірі шығар.
maulen
Маған ұнады, керемет!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.