Жаңбыр

Көңіл-күйді жоғалтып шуақ тұнған,
Жаңбыр емес.
Мен едім жылап тұрған.
Ішкі сезім жаңбырмен үйлесіп тұр,
Жанымды қырық жамау құрақ қылған.

Тағдыр мынау, аямай сынап тұрған,
Жанарды жаңбырлатып жылаттырған.
Дәл қазір жұбата алмас сол жаңбыр да,
Көңлімді қырық түрлі сұрақ тұрған…

Бұлттармен бір секілді менің мұңым,
Аспанмен астасып тұр көңіл-күйім.
Сырымды бұлттар ғана ұғатындай,
Жағдайым дәл осындай менің бүгін…

* * *
Бұлттың жасы тамады көктен міне,
Тамшымен шомылдырар бөктерді де.
Адамға мұң сыйлайтын сияқты ма?
Күзгі жауын ұқсамас көктемгіге.

Жауын төкті.
Әсері аз ба, сірә?
(Осылай сезілгендей өз басыма).
Бізбенен қимай-қимай қоштасатын,
Бұл әлде, Қыркүйектің көз жасы ма?..

29.09.2013.

4 пікір

Kan
шамалы өлеңдерге сын жазып шимайлаушы едім. сенің өлеңіңде мін жоқ бірақ мұң бар екен. керемет жазғансың,әсері мықты. жаза түс, жаза бер осылай жүрегіңмен үштастырып жаз
Соңғы өңделген уақыты:
yesbolat83
Қош кепсіз, тамаша сайтқа! Өлеңіңіз жүректі шымырлататындай жақсы жазылыпты.
muktybek
Бәріңізге де рахмет!
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.