ҚАРАША

Аспан жиі түнеріп бұлттанады,
Таңғы аспаннан сұп-суық шық тамады.
Қараша жұмысына кірісті ме?
Суық желге айналды күз самалы.
Жылы жаққа кеткен-ау қыстағалы…
Естілмейді қиқулап құстар әні.

Артта қап шуақ күндер сағымданып,
Көңілден жаздағы әсем ән ұрланып.
Табиғаттың азайды сұлулығы,
Қараша бояуымен жабуланып.
Қоңыр күзді көзімен ұзатып сап,
Кең дала жатыр қысқа дайындалып.

Тал-теректі ақ мамық қар құшатын,
Аязға оранар шақ қалды жақын.
Қоңырқай жапырақтар дірілдейді,
Өмірінің күткендей соңғы сәтін.

Қонақ болып отыз күн өлкемізге,
Ызғар болып төнеді желкемізге.
Желтоқсанға еліктеп кетеді ме?
Қараша бағынбайды кейде күзге.

Жаз секілді жылуды аңдатпайды,
Көңілдерге көктемді орнатпайды.
(Көңілді көктемгідей лаулатпайды)
Табиғатты өзіне бағындырып,
Қараша қысқа қарай жол бастайды.

0 пікір

Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.