ШАМШЫРАҒЫҢДЫ САЙЛАП АЛ

Шомылдырып белдеудің көк құрағын,
Нөсер жаңбыр тазартып жатты бәрін.
Табиғат алай-дүлей ашуланып,
Бұлт басқан қара аспаннан төкті жауын.

Үй ішінде, еңселі, көк қақпалы,
Таусылып өмір жолы, соқпақтары.
Қалың елге әйгілі бір Әулие,
Жатыр еді өмірмен қоштасқалы.

Берік тұтқан шешімін, байламын да,
Ойлайтын пенде еді ел қамын да.
Адамдарды соңынан ерте білген,
Қырық жыл жүрген жан ед Хақ жолында.

Жоқ еді-ау, сол кісідей сірә, ғалым,
Ақылшысы сол еді бұл араның.
Қоштасып, бақұлдасып қалу үшін,
Шәкірттері жиналды ғұламаның.

Ғұлама айтты,
-Таусылды жол, ғұмырым,
Сендерге бере алмаймын енді білім.
Болса егер,, сұрайтұғын нәрселерің,
Сұраңдар, бүгін менің соңғы күнім.

Бәрі түбі бітерін сезгенімен,
Бақытты адам уайымсыз кездерімен.
Мен енді бақилыққа аттанамын,
Жүретін кез келді әркім өз жолымен.

Деді ұстаз,
-Жүретін жол таңдағын…
Кетті қайғы бәрінің өртеп жанын.
Далада тасыр-тұсыр, үстін-үстін,
Бара-бара күшейді тентек жауын.

Өзекке уайым деген батты салмақ,
Бір қорқыныш өн бойды кетті шарлап,
Ең үздік шәкіртінің көңлі босап,
Еңіреп, көзінен жас ақты парлап.

Ұстаз айтты,
-Жылама, не болды?-деп,
Шәкірт өксіп,
-Өзің ең маған тірек.
Ал, енді не істейміз, не қыламыз?
Алаңдайды дүрсілдеп соған жүрек.

Жүріп келдік өзіңнің жарығыңмен,
Сен бар жердің жарық қой таңы мүлдем.
Сен бар жерге Алланың нұры түсіп,
Шуақ ап жататұғын бағы күннен.

Жүріп келдік сен жүрген ізіңменен,
Мінеки, ойда-жоқта үзілді өлең…
Кетіп бара жатырсың, бізді тастап,
Бас тартты-ау, жаз түгілі күзім менен.

Қайдан табам өзіңдей нар тұлғаны?..
Деп, шәкірті кемсеңдеп, солқылдады,
Осы кезде жаңбырмен қабаттасып,
Көк аспанда найзағай жарқылдады.

Жарқылы бөлме ішін жарқыратты,
Ұстаз айтты,
-Бетке алдың қайсы жақты?
Қанша жыл менен тәлім алдыңдар ғой,
Неге сайлап алмадың шамшырақты?

Тағдыр дейді, шырмауы болар басым,
Шешумен-ақ шашыңды ағартасың.
Біреуге неғұрлым көп еліктесең,
Соғұрлым көп нәрсеңді жоғалтасың.

Әдет болып кетсе егер қалыптасып,
Адасасың, таптырмай бағыт қашып.
Өзің айтшы, қашанғы мен өзіңе,
Жол көрсетіп жүремін жарық шашып?

Көп нәрсе жоғалтыпсың, әз бауырым,
Енді, сені жатырқар өз дәуірің.
Өз жолыңды табуға тиістісің,
Бәрі бекер, болмаса өз жарығың…

Даланы орап ақ жауын етек алды,
Найзағай тағы да жарқ ете қалды.
Арада көп өткен жоқ,
Сәлден кейін,
Ғұлама мәңгі ұйқыға кете барды…

Сәт туды ма жанардан жас шығатын?
Азалы ауыр қайғы асқынатын.
Орны толмас қазаға қайғырғандай,
Күркіреген көк аспан төкті жасын.

4 пікір

satirik92
Әдемі жазылған. Ұнады.
Түсінгенім былай: өз өміріңде әркімге еліктеп жастықтың қызуымен жүре бермей шамшырағыңды, өмірлік бағытың мен ұстанымыңды сайлап алуың керек.
Мүмкін дұрыс емес те шығар ойым.
zhadyra155
жастықтың желігімен көп адам сызықтан шығып кетіп адасып жататыны өкінішті, артына қарағанда бәрі кеш
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.