Абайдың Қара сөздері. Он Төртінші сөзі.

Асыл сөз /
Тірі адамның жүректен аяулы жері бар ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені, ол батыр кісі дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды. Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, езіне ойлағандай оларға да болса, игі еді демек, бұлар жүрек ісі. Асықтық та, жүректің ісі. Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады. Қазақтың «жүректісі» мақтауға сыймайды. Айтқанға көнгіш, уағдада тұрғыш, бойын жаманшылықтан тез жиып алғыш, көштің соңына итше ере бермей, адасқан көптен атының басын бұрып алуға жараған, әділетті ақыл мойындаған нәрсеге, қиын да болса, мойындау, әділетті ақыл, мойындамаған нәрсеге, оңай да болса, мойындамау ерлік, батырлық осы болмаса, қазақтың айтқан батыры әншейін жүректі емес, қасқыр жүректі деген сөз.
Қазақта адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың өзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады. Білімді білсе де, арсыз, қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді. Жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болмайды. Осы жұрттың көбінің айтып, жүрген мықты жігіт деп, ер жігіт, пысық жігіт деп ат қойып жүрген кісілердің бәрі пәлеге, жаманшылыққа еліртпек үшін, бірін бірі «айда, батырлап» қыздырып алады да, артын ойлатпай, азғыратұғын сөздері. Әйтпесе құдайға терістіктен, не ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі, үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі бір тексермей кеткен кісі, тәуір жігіт түгіл, әуелі адам ба өзі?

2 пікір

khairbek
Егер жүрек таза болса, тілден әдемі сөздер шығады. (Али радиАЛЛАху анху)
mairosh
Кезінде осыларды жаттататын еді))
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.